Биыл қай жолдар пайдалануға беріледі?

322

0

Ағымдағы жылда бірқатар аймақтарда жолдардың құрылысы аяқталады. Соның ішінде ақылы жолдар да бар.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жылдың қорытындысы бойынша 528 шақырым жолды ашу жоспарланған. Атап айтқанда, Орталық-Шығыс жобасы бойынша (Астана-Шідерті уч.) – 233 шақырым; Орталық-Оңтүстік (Теміртау-Қарағанды) – 45 шақырым; Орал-Тасқала – 35 шақырым; Бейнеу-Ақжігіт – 85 шақырым; Алматы-Талдықорған (Сарқанд қаласы айналма жолы) – 16 шақырым; Қордай ауылының айналма жолы – 19 шақырым; Астана-Петропавл-РФ шек.(Қорғанға) – 20 шақырым; Таскескен-Бахты – 20 шақырым, Щучье-Зеренді – 20 шақырым, Талдықорған-Өскемен – 20 шақырым, Қалбатау-Майқапшағай – 9 шақырым, Астананың Оңтүстік-Батыс айналма жолы – 6 шақырым.

«Сонымен қатар, Елбасының Жолдауында берілген тапсырма бойынша жергілікті жердегі автокөлік жолдарын жөндеу мен реконструкциялау жұмыстарын қаржыландыруды ұлғайту көзделіп отыр. Биыл республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша 60 млрд теңге бөлініп, қаржыландыру көлемі 150 млрд тенгеге дейін жетеді. Бұл шаралар жөнделетін 4000 шақырымнан астам жолды қамтуға және 2025 жылға қарай жергілікті желінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 85%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Ж.Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас учаскелерінде ақы төлеу жүйесінің құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылуда. Аталған жолдарда ақылы жүйе биыл екінші тоқсанда іске қосылады деген жоспар бар. Жалпы, қазіргі кезде 5,5 мың шақырым болатын 13 учаскеге ақы алу жүйесін орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Соның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бар (2,1 мың.км).

«Жалпы, 2020 жылға дейін ақылы жолдарды 6,5 мың шақырымға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол шамамен жылына 30 млрд теңге табыс әкеледі», – деп атап көрсетті Ж.Қасымбек.

Дереккөз: kazinform.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<