Экология және табиғи ресурстар министрі биылдан бастап киік мүйіздері экспортталатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министр Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, шамамен 20 тонна киік мүйізі Экология министрлігінің қоймаларында жиналып тұр. 2026 жылдан бастап оларды экспортқа шығарып сату жоспарланып отыр.
“Киік саны реттелген кезде мүйіздері кесіліп алынады. Олар ет тапсыру пункттерінде және жергілікті әкімдіктерде ақпараттық жүйе арқылы таңбаланып, тіркеледі. Кейін күзетпен Алматы қаласына жеткізіледі. Онда арнайы салынған тоңазытқыш қоймаларда белгілі бір температура мен ауа ылғалдылығы сақталады. Әрбір мүйіз нөмірленіп, таңбаланған және өзінің жеке тіркеу ізі бар”, – деді Экология министрі.
Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар тұяқты жануарларды қорғау жөніндегі Бонн конвенциясының шешіміне сәйкес, Қазақстанға жылына 10 тоннадан артық киік мүйізін сатуға болмайды. Мүйіздерді сату механизмін Экология министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірге әзірлеп жатыр екен.
“Менің ойымша, бірнеше айдан кейін аукцион жариялап, мүйіздерді сатуды бастаймыз”, – деді Нысанбаев.
Министрдің айтуынша, мүйіздерді сатудан түскен қаражат биоалуантүрлілікті сақтауға, киіктерді қорғауға және қажетті көлік сатып алуға бағытталады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан киіктердің мүйізін шектеулі партиялармен экспорттайтынын жазған едік.






