Биыл елімізде 221 шақырым жылу желісі жөнделеді

381

0

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Кей өңірлерде жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр. Толығырақ Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтып берді.

«Биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 221 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа шамамен 128 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 72,3 млрд теңге (126 км), жергілікті бюджеттен 39 млрд теңге және табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары есебінен 17 млрд теңге (69 км)», – деді Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, министр қосымша 233 шақырым жылу желілерін жөндеуге 162 млрд теңгеге дайын жобалардың барын айтты.

«Одан бөлек, Қаржы министрлігімен бірлесіп Ұлытау облысы, Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр», – дейді ол.

Айта кетсек, елімізде жылу желілерінің 53%-ы тозған. Осыған орай 2030 жылға дейін тозығы жеткен жылу желілерін 43% азайту жоспарланып отыр. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<