Биыл Қазақстанға Қытайдан келетін туристер саны 500 мыңға дейін артуы мүмкін

499

0

Фото: Александр Павский / Kazinform

Биыл Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Шымкентте гастрономиялық фестиваль, Алматы облысында шарлар фестивалі, өңірлерде альпиниада мен баспасөз турларын өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев Орталық коммуникациялар алаңында хабарлады.Туристік маусымға дайындықтың тағы бір аспектісі – маркетингтік іс-шаралар. Өңірлерде бірегей табиғи және мәдени көрікті жерлерге назар аудара отырып, туристерді тарту үшін арнайы бағдарламалар әзірленді.Еліміздің туристік әлеуетін насихаттау мақсатында Қазақстан Берлин, Дубай және Шанхайдағы ірі туристік жәрмеңкелерде таныстырылды. Сонымен қатар Қазақстан туралы ірі халықаралық платформаларда да жиі айтылуда. Сондай-ақ Алматы қаласы The New York Times нұсқасы бойынша үздік 52 туристік бағыттың қатарына енді.«Conde Nast Traveller және Wanderlust, Қазақстанды 2024-ші жылы саяхаттауға арналған әлемдік дестинациялардың қатарына қосты. Оған қоса, Conde Nast Traveller Italia «Шымбұлақ» тау курортын ТОП-5 тау шаңғысы дестинациясына енгізді. Осы жылдың қаңтар айында, ел India Today нұсқасы бойынша «Үнді саяхатшылары үшін жетекші бағыт» атағын алды. Қазақстан Skyscanner деректері бойынша Үндістан нарығы үшін №1 дестинация болып табылады, сондай-ақ биыл ораза кезінде БАӘ туристері арасында ең танымал туристік бағыттардың көшін бастады. Сәйкесінше, Forwardkeys деректері бойынша Қазақстан Қытайдан келетін туристер ағынын қалпына келтірудің ең жоғары көрсеткішіне ие: өсім 212%, бұл Қазақстанды ҚХР азаматтары үшін ең танымал 50 туристік бағыттың қатарына қосады»,-деді ведомство өкілі.

2024 жыл Қытайдағы қазақстандық туризм жылы болып жарияланды. 28-29 – наурыз аралығында Бейжіңде Туризм жылы ашылды, оның аясында екі елдің туристік бизнесінің 300-ден астам өкілдерінің қатысуымен форум өтті. Биыл Қазақстан туризмінің түрлері бойынша тақырыптық апталарды өткізуді, Қытайдың 7 ірі қаласында ТОП-20 отандық дестинациялардың тұсаукесерін, сондай-ақ Қазақстанның Қытайдағы туристік әлеуетін ілгерілету жөніндегі басқа да бірқатар ірі жобаны қамтитын 30-дан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Нәтижесінде, биылғы қорытынды бойынша ҚХР-дан келушілер саны 500 мың адамға дейін ұлғаюы мүмкін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<