Биыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін маңызды жыл

6

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында биылғы жыл Қазақстанның болашағына тікелей әсер ететін аса маңызды кезең болатынын мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, ел ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Алдағы парламенттік реформа осы өзгерістердің өзегіне айналады. Мемлекет басшысы бұған дейін Жолдауында бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенін еске салды. Бұл мәселе қоғамда кеңінен талқылануда.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойғанын атап өтті. Жұмыс тобының құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді.

Азаматтардың пікірін ескеру мақсатында e-Otinish платформасы мен Egov порталында «Парламенттік реформа» атты арнайы бөлім ашылды. Бұл бөлім арқылы тұрғындар өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін жолдады. Жұмыс тобы келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, жан-жақты талдау жүргізді.

Президент жұмыс тобының отырыстары өткен жылдың қазан айынан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанын айтты. Атап айтқанда, желтоқсан айында бірнеше жиын өтіп, жаңа жылдан бері тағы үш мәрте басқосу ұйымдастырылды. Соңғы отырыс Құрылтай қарсаңында өтті.

Мемлекет басшысы конституциялық реформаға қатысты барлық жұмыстарды жеке бақылауында ұстап отырғанын және бұл өзгерістер елдің болашақ дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті.