Биыл Қызылордада 187,0 мың гектарға егін егіледі

207

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Сыр өңірінің негізгі экономикалық тіреуші саласы – ауыл шаруашылығында жыл басынан бері айтарлықтай өсім қалыптасып келеді. Мәселен, қаңтар-ақпан айында аталмыш салада 12 379,8 млн теңгенің өнімі өндірілген. Тиісінше, бұл өткен жылмен салыстырғанда 102,2 пайызға артқан. Ал, тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 110,0 пайызды құрады.

Бейнеттен бел жазбай ала жаздай еңбек ететін диқаншы қауым биыл 187,0 мың гектарға егін егіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырады деп болжануда. Оның ішінде Сыр саласының көлемі – 83,9 мың гектарды құрап отыр. Ал, дәнді дақылдар – 93,7 мың га, майлы дақылдар – 5,0 мың га, мал азықтық дақылдар – 71,0 мың га, картоп, көкөніс, бақша – 17,3 мың гектарға егіледі. Сондай-ақ, биыл негізгі дақыл күріштің көлемін азайтып, орнына суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытындағы дақылдардың көлемін 2,3 мың гектарға дейін ұлғайту межеленуде.

Бүгінде көктемгі егін егу жұмыстарының дайындық барысы да жоспарға сәйкес жүргізілуде. Соның ішінде, тұқым дайындау және оны орналастыру жұмыстары басталып кетті. Атап айтқанда, көктемгі егіске облыс бойынша 21 304 тонна күріш тұқымы құйылды. Бұдан бөлек, 992 тонна жаздық бидай, 736 тонна күздік бидай, 58,4 тонна арпа, 10,8 тонна тары, 67,6 тонна дәндік жүгері, 5,0 тонна күнбағыс, 107 тонна мақсары, 13,5 тонна соя, 21,8 тонна сүрлемдік жүгері және 298 тонна жоңышқа тұқымы құйылды. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы құрылымдары бойынша қажетті тұқымдар 100 пайызға қамтылған.

Шаруалардың татымды тірлігі техникалар арқылы түлейді. Осы жылғы есеп бойынша шаруашылық құрылымдарының есебіндегі 3 799 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары көктемгі дала жұмыстарына қатысатын болады. Осы техникалардың 3 495 бірлігі жөндеуден өткізілді, қалғаны 1 сәуірге дейін толық дайын болады деп күтілуде.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<