Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушылардың бәрін жол ережесін сақтауға шақырады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жолдағы қауіпсіздік жағдайы маңызды және өзекті мәселенің бірі болып қала береді.
Биыл апаттың барлық көрсеткіштері аздап төмендеді:
— жол-көлік оқиғалары — 4%
— онда қаза болғандардың саны — 2%
— жарақат алғандардың саны — 8%.
Атқарылған жұмыс нәтижесінде мыңнан астам азаматтың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ.
— Мен ата-аналарға, тәрбиешілерге, ұстаздарға және еліміздің ересек тұрғындарына үндеу жасағым келеді. Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі біздің қолымызда екенін ұмытпайық! Жалпы көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан, биыл да жол апаты салдарынан болған жасөспірімдер өлімінің көрсеткіші бұрынғыдай жоғары деңгейде қалып отыр. Тоғыз ай ішінде жол апатынан 210 бала көз жұмған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға көп, — дейді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Балалар — жол жүрісіне қатысушылардың ең осал санаттарының бірі. Сондықтан балалар мен жасөспірімдердің жол жүрісі қағидаларын бұзбауын түсіндіру, ереже бұзу жәйттеріне куә болған жағдайда оның алдын алу — әрбір ересек адамның міндеті.





