Биылдан бастап мектеп формасы қалай өзгереді

937

0

Алматы қалалық білім басқармасының өкілдері 2023 жылы мектеп формасы қалай өзгеретінін айтты. 2022 жылғы 30 желтоқсанда Оқу-ағарту министрі қол қойған бұйрық 5-ші қаңтардан бастап күшіне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн брифингінде Алматы қалалық білім басқармасының Рухани-адамгершілік тәрбие бөлімінің басшысы Нұргүл Тау қыздар мен ұлдар үшін мектеп формасына түйме немесе сыдырмасы бар трикотаж күрте (кардиган), поло жейде немесе тенниска қосылғанын мәлімдеді.

Ер балаларға арналған мектеп формасы:

– пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте (кардиган), поло жейде немесе тенниска (қыс мезгілінде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Қыз балаларға арналған мектеп формасы:

– пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте (кардиган), поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Мерекелік формаға (ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка) қойылатын талап алынып тасталды. Сондай-ақ, галстук тағу енді міндетті элемент емес.

Нұргүл Таудың айтуынша, Алматыда түсіндіру жұмыстары басталған.

«Бізде қазір оқу жылының ортасы болды. Жаңа оқу жылынан бастап әр мектептің қамқорлық кеңесі ата – аналармен кеңесіп, оларға қажетті стильді таңдайды», – деді ол.

Бұл ретте ол бала қазір поло немесе жилет кигісі келсе, онда оған құқылы екенін айтты.

Ол сондай-ақ бала тиісті мектеп формасын кимесе, кімнің жауапты болатынын жеткізді.

«Бұған сынып жетекшісі жауапты емес, бірақ ол оқушылармен, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқушының мектептегі киім үлгісіне ата-анасы жауапты екенін жеткізуі керек. Егер бала мектеп формасын кимесе, онда Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне хат жолданады, онда тиісті жұмыстар жүргізіледі», – деді ол.

Алматы қаласы білім басқармасының әкімшілік-құқықтық бөлім басшысының міндетін атқарушы Ілияс Оралбаев юбканың түсі, стилі, ұзындығын орта білім беру ұйымы және мектептің ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітілген Қоғамдық кеңес белгілейтінін айтты.

Жаңа ережеге сәйкес, мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілері: эмблема, тігіспе, шеврон орналастыруға рұқсат етіледі.

Мектеп формасына арналған маталар – сапасы жақсартылған, тез тозбайтын, бактерия, микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар жартылай жүн және мақта маталар болғаны жөн. Бұрын бұл міндетті талап болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<