– Қалай бала, келесің-ау?..
Айтты, бітті. Аға талабын екі ету жоқ. Үнемі осылай. Салмақты өзіңе сала, ой тастайды. Сол жібіте сөйлегені – бұйрық.
Көп жылдан бері ауданның өнерін өркендетуде қанаттаса келеміз. Ол Сырдария ауданына қарасты Жамбыл атындағы совхозда №44 орта мектептің ән және музыка пәнінің мұғалімі әрі ауылдың қоғамдық негіздегі көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі. Мен аудан орталығы Тасбөгет қыстағындағы мәдениет үйіндемін. Сол уақыттың қалыптасқан дәстүрі бойынша даталы жылға орай көркемөнерпаздардың облыстық байқауы өтеді. «Сырдария» ән-би ансамбліне қатысатын өнер иелерін тізімін мен жасақтаушы едім. Аудан шаруашылықтарынан облыстық байқауда аудан намысын қорғайтын өнерпаздарды шақырғанда ұстаз-баянист ағамыз біздің тізімнің басында тұратын-ды. Осылай өнер жолында ағалы-інілі, әріптес-дос болып, жақсы сыйласып кеттік.
– Біздің «культураға» бастық болып Қабдеш Шағыров келіпті, – деген хабар маған да жетті. «Маған да жетті» деуімнің себебі мен ол кезде аудандық кітапханада суретші-безендіруші болып жұмыс істеп жатқанмын. Сырлас ағамыздың басшымыз болып келгені мені де елең еткізді. «Келе салысымен сені іздетіп, сұрастырып жатыр» деген сүйінші хабар бір қуантып тастады. Ішім жылып, жан-жағыма мардамси көз тастап та қоямын. Енді бір жағы жасы үлкен ағаға сәлем беру мақсатымен, екінші жағынан жаңа қызметімен құттықтап кіріп шығуым керек екенін білдім. Қабекең (барлық қызметкерлер ол кісіге деген құрметпен кейін осылай атап кетті) қуана қарсы алып құшағына қысты. Ашығын айтқанда, екеуара әңгіме өрісінде ысылған, тәжірибелі басшының қимыл-әрекеті байқалып тұрды. Бұған дейін аупарткомның жанындағы «Білім» қоғамының аудандық басқармасының жауапты хатшысы, Жамбыл атындағы совхозда жұмысшылар кәсіподақ комитетінің төрағасына дейінгі қызметтер атқарған. Арнайы туристік жолдамамен шетелде, Жапон елінде де болып қайтқан. Былайша айтқанда жан-жақты басшымен бірғауым уақыт үлпаттастық. Сабырлы Қабекең менің қызметім туралы тілінің ұшына да ілмеді. Ол туралы өзім айттым.
– Қабеке, сізге өтінішім, мені жылы орнымнан қозғамаңыз?!
Басекең бұра әңгіме айтқан жоқ. Жылы қоштасты. Шамалы уақыттан соң мені мәдениет бөлімі кәсіподақ ұйымының төрағалығына сайлатты. Өзімен-өзі жүрген суретшіден қоғамдық жұмыстың белсендісіне қалай айналып кеткенімді білмей де қалдым.
«Қалай бала, келесің-ау?..» деген сөз осы кездерде айтылған еді. Ағаның айтқанын екі ету жоқ. Аудандық мәдениет үйінің аға әдіскері болып шыға келдім. Қамқор ағаның көземелдеуімен көркемөнерпаздық өнердің желкенін кердік. Мәдениет үйінің материалдық базасын күшейтті. Жоғары білімді музыкант екінің бірінің қолы жетпейтін шетелдік аппаратуралар мен электронды аспаптарды Алматы қаласынан өзі барып алып келіп, біздің иелігімізге берді. Материалдық-техникалық әлеуеті күшті мекемеде өнер ұжымдарын жаңадан қалыптастыру оңтайға келді. Аудандағы және Қызылордаға жақын болғандықтан қаладағы менмін деген өнер иелері Қабекеңнің айналасына топтасты. Бүкілодақтық байқаулардың екі дүркін лауреаттары. Атақты музыка білгірі, сазгер, дирижёр Асылбек Өтепов, айтыскер ақын, облысымызға белгілі жырау, сахнагер Серік Өтеуов, әнші-термеші, өте мықты сахна шебері Мінәш Ысқақова, композитор, виртуоз музыкант Сәбит Ұлықпанұлы, қазіргі күні елімізге белгілі музыка әрлеушісі Болат Жүргенов бастаған өнер иелері аудан атын асқақтатты. «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі (Негізін салушы Асылбек Өтепов. Ансамбль аты да Асылбектің «Сырлы саз» атты күйіне байланысты қойылған), «Бастаңғы» аналар клубы, «Мереке» әзіл-сықақ отауы, «Мереке» вокалды аспаптар ансамблі Қабдеш Шағыровтың арқасында өмірге келіп, әлі күнге халыққа қалтқысыз мәдени қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде күллі Қазақстанға және алыс-жақын шетелдерге танымал жырау Ұлжан Байбосынова сынды дарын да біздің мәдениет бөлімінен қанаттанды.
Жақсының кезінде жақсылықтар мен жаңалықтар қабаттаса өріледі. Ақжолтай басшының ұйымдастыруындағы ілкімді істермен қатар аудандық мәдениет үйінің төрт жүз орындық еңселі ғимаратының берілуі де аудан тарихындағы елеулі оқиға еді. Заманауи үлгідегі мәдениет үйін қабылдап алу құрметі бұйырған Қабдеш Шағыров ақпанда асығыстау берілген мекеменің кем-кетігін толтырып, кетілген жерін жөндеп, тіпті жазда кепкен терезе жақтауларының тесік-құтығын бітеу жұмыстарына да бел шеше кірісті. Бастықпын деп бұйрық беріп тұруды білмейтін Қабекең қызметкерлермен біте қайнасты. Мәдениет үйінің оркестрі құрамында баянист ретінде отырумен қатар қара жұмыстарын да тартынбай атқарды. Білікті басшының іскерлігінің арқасында аудан өнерпаздары аумақтық, республикалық байқауларда топ жарды. Мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған ұлт-аспаптар оркестрінің концерттік бағдарламасын республикалық телеарна арнайы келіп жазып алса, «Сырлы саз» фальклорлық ансамблі Алматыға барып, телеарнадан концерт берді әрі ол арнаның алтын қорына алынды. Роза Бағланова атындағы облыстық әншілер байқауына да Гүлсім Ыбыраева мен Индира Баекеевалардың бас жүлделерді иеленуі осы ұйымдастырудың арқасы еді.
Облысымызға белгілі қаншама өнерпаздар мен өнер ұжымы әлі күнге өздерінің тұғырларының тілекшісі болған ағаларынан алыстап кеткен емес. Ұшқан ұясына оралған қарлығаштай айналасынан үйіріліп шықпайды. Амандығын біліп, сәлем беріп келешек қадамдарына қуат алып кетеді. Соның бірі – мен. Әлі күнге ағамыздың ақыл-кеңесіне құлақ түріп, қуанышымыз болса бөлісіп, ауырлығымыз болса сүйеу іздейміз. Өзіміз ақсақалдыққа келіп қалсақ та ағалап еркелейміз. Өйткені біздің бала кезіміз, жастығымыз, есейген шағымыз бірге өткен. Бүгінде жетпістің бесеуіне келсе де қоғамдық жұмыстан, оның ішінде мәдениет саласына көз қырын салудан қалыс қалмайды. Бізге тапсырмасын да беріп қояды. Әрі оның тап-тұйнақтай орындалуын қадағалайды. Ортамыздан шет кетуді жаны қаламайтын Қабекеңді бәріміз жақсы көреміз. Жақын ағамыздай сыйлаймыз. Сондықтан Қабдеш Шағыровтың тәлім-тәрбиесін көргендердің бәрі ол кісіні «ағай» деп ардақтайды.
Біздің ағай!
Тілеген БЕКАРЫСТАНОВ,
еңбек ардагері.
Тасбөгет кенті.






