Президент Жарлығымен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтің облыс әкімі қызметіне кіріскеніне төрт жыл толып отыр. Төрт жылда Сыр өңірі республикаға танымал облыс болды. Барлық салада ауқымды жұмыстар атқарылды. Құрылыс, әлеуметтік, мәдениет, спорт, жалпы барлық салада қарқынды тірліктер жасалды. Бұл, әрине, ең алдымен Президенттің елге деген ерекше қолдауы, екіншіден, сол қолдауды ұтымды ұйымдастыра білген аймақ басшысының іскерлігі, табанды еңбегінің жемісі деп айта аламыз.
Мемлекет басшысы үлкен сенім артып, әкім болып тағайындалғаннан кейін Нұрлыбек Машбекұлының ең алғашқы қадамы Қорқыт бабаның басына ел ағаларын, зиялы қауым өкілдерін жинап, батасын алған еді. «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ер көгерер» демекші, бүгінгі күні абыройлы қызмет етуде. Осы төрт жылда Президент Сыр еліне үш рет келді. Атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Бұрындары Қызылорда десе, басқа өңірдің азаматтары онша мән бермейтін еді. Кейінгі жылдары көзқарас мүлде өзгерді. Оның бір дәлелі, былтыр ардагерлер ұйымдарының көшпелі отырысы біздің облыста өтті. Сонда жан-жақтан келген делегаттар аймақта атқарылған тірліктерді көріп, таңданыстарын жасырмады және оны өз елдеріне айтып барған көрінеді. Сол шараға Нұрлыбек Машбекұлы бастан-аяқ қатысты. Бұған жан-жақтан келген өкілдер риза болды.
Нұрлыбек Машбекұлының бойынан мынадай ерекше қасиеттерді байқаймын. Біріншіден, есте сақтау қабілеті өте жоғары. Екіншіден, келешекті болжай алатын көрегенділік бар. Ол ананың ақ сүтімен бойына біткен қасиет деп ойлаймын. Үшіншіден, қазақы салт-дәстүрге өте қатты мән беретіні. Жоғарыда айтып өткенімдей, қызметіне кіріспес бұрын ақсақалдардың батасын алуы – бір көрінісі.
Аймақта атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Соның бірі көптің көкейінде көптен жүрген ыстық су мәселесі еді. Еліміздің екі облысында ғана ыстық су жоқ екен. Соны Мемлекет басшысының алдында көтеріп, бүгінде мәселе шешілді. Одан бөлек, «Қызылорда-Ақтөбе» екі жолақты жолын төрт жолақтыға ауыстыру мәселесін көтеріп, Президентіміз оны қолдап, құрылысы басталды.
Облыс орталығындағы әуе, теміржол және автожол қақпасы орнатылды. Теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, заманауи әуежай халық игілігіне берілді. Міне, осындай үлкен жұмыстар атқарылды. Мұның бір шамасы бюджет қаражатынан жасалған жоқ, инвесторлардың көмегімен атқарылды. Инвестор тарту оңай шаруа емес, оған әкімнің беделінің, іскерлігінің, азаматтармен сыйластығының арқасында қол жеткізілді. Инвесторлар қаржысының нәтижесінде «Достық үйі» салынды, орталық алаң күрделі жөндеуден өткізілді, айта берсек көп. Осының барлығы үлкен еңбектің нәтижесі деп білемін.
Осы төрт жылда облыс әкімінің «мен демалысқа кеттім» дегенін естігеніміз жоқ. Тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Оны көзіміз көріп жүр.
Әр біткен істе, яғни, жаңа нысанның ашылу салтанатында, іргетасы қаланатын құрылыста ардагерлерді қалдырмай, игі шараның басында болуды қамтамасыз етіп жүреді.
Осы төрт жылда облыс тұрғындары 350-ден аса мемлекеттік марапатқа ие болды. Соның елу пайызға жуығы елге еңбегі сіңген ардагерлерге берілді. Әрине, ел басқарған мерейлі жасқа толған ардагерлерді ардақтап, қабылдау өткізіп, мерейтойымен құттықтауды дәстүрге айналдырғаны қуантады. Бұл кейінгі жастарға үлгі-өнеге деп ойлаймын.
Құрылыс, мәдениет, спорт саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер баршылық. Былтыр ашылып, көптің көзайымына айналған 11 мың орындық стадионның өзі не тұрады?! «Қызылорда Аренаның» құрылысы бітуге таяу. Келген қонақтардың көзайымына айналған өлкетану музейі қандай?! Айта берсек ел игілігі жолында жасалған жұмыстар, атқарылған шаруалар, тындырылған тірліктер өте көп.
Біздің ағалық тілегіміз елдің амандығы, береке-бірлігі. Сол жолдағы игілікті ұйыстырып, келешекке үлкен олжа салып отырған ел азаматтарына қашанда абырой бергей.
Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы






