Білім қоржын жеті медальмен толықты

595

0

Жаңа жылдың алғашқы күндерінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өткен республикалық (желілік) пәндік олимпиадада Қызылорда қаласының Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушылары білім биігінен көрініп, 4 күміс және 3 қола медальдарын иемденді.
Назарбаев Зияткерлік мектептер желісінде дәстүрлі түрде өткізілетін пәндік олимпиадаға барлық өңірден 800-ге жуық зияткер қатысып, білімдерін ортаға салды. Нұр-Сұлтан қаласына жиналған дарындылар Қазақстан тарихы, құқық негіздері, математика және физика пәндерінен сайысқа түссе, қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінің білгірлері Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте өзара бақ сынасты. Ал Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде олимпиада қатысушылары информатика, химия, биология, география пәндері бойынша білім таластырды.
Ең мықты әрі нағыз білімдіні анықтайтын байқауда Қызылордалық өрендер де білім биігінен көрініп, жалпы есепте жүлделі жеті орынға ие болды. Атап айтқанда, 11-сынып оқушысы Айым Сексенбаева және 10-сыны п оқушысы Әйгерім Тұрмаханова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен үшінші және екінші орындарды қанжығалады. Ал 11-сынып оқушысы Гүлшат Қалбаева мен мектеп бітіруші Саодат Құрманаева орыс тілі пәнінен күміс медальдарға қол жеткізді. 10-сыныптағы Жангерей Зейнелов пен 11-сыныптан Әділ Дастан олимпиадада Қазақстан тарихы пәні бойынша сайысқа түсіп, екінші және үшінші орындарды иеленді. Сонымен қатар география пәнінен де оқушыларымыз үздік нәтиже көрсетіп, 11-сынып оқушысы Әлішер Алтынбасов қола медальмен марапатталды.
«Бұл олимпиадаға мен екінші рет қатысып отырмын. Және де осы жолы жақсы нәтиже көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Алдағы уақытта Назарбаев Зияткерлік мектептер құрамасында еліміздің өзге мектеп оқушыларымен білім бәгесінде сайысқа түсетін боламын», – деді Әлішер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<