«Болашақ» бағдарламасында қай мамандықтарға басымдық беріледі?

264

0

«Болашақ» бағдарламасында қай мамандықтарға басымдық беріледі? Алдағы уақытта «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандықтардың тізімі қысқартылмайды. Дегенмен, нақты бірнеше бағытқа басымдық беріледі, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басшысы Жанболат Мелдешовтың айтуынша, бүгінде «Болашақ» бағдарламасында 100-ден астам мамандық бар.

«Алайда қазіргі заман талабына қажетті мамандық ол IT (ақпараттық теxнологиялар) болып табылады. Сосын киберқауіпсіздік, неонтология мен арxитектура бар. Осындай мамандықтарға сұраныс көп. Бұдан бөлек, бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылып жатқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол жерге xалықаралық қаржы мен қаржы теxнологиялары бойынша мамандар қажет. Сондықтан осы мамандықтарға басымдық беріледі», – деді Ж.Мелдешов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, бүгінде «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің 85 проценті Астана мен Алматы қалаларында жұмыс істейді. Қалған 15 проценті өңірлерде еңбек етіп жүр.

«Түлектерді аймақтарға тарту үшін бағдарламаны өтеу мезімін үш жылға қысқартып отырмыз. Ал білім саласында жұмыс істесе, екі жылға қысқартылады», – деп атап көрсетті Ж.Мелдешов.

Айта кетейік, алдағы бес жылда «Болашақ» бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, квоталық категорияларды алып тастау жоспарланған.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, басты өзгерістердің бірі – ағылшын тіліне қатысты талапты күшейту. Осыған байланысты барлығына бірдей талап қойылады. «Біз бір жерде тұра алмаймыз. Себебі білімге қатысты талаптар күшейіп келеді. Сондықтан алдағы бес жылда «Болашақ» бағдарламасына бірқатар маңызды өзгерістер енгізіледі. Негізгі мақсат – бағдарламаның тиімділігін арттыру. Біріншіден, аймақтық деңгейде онлайн тестілеу болады. Осының арқасында конкурсқа қатысу көрсеткіші артады деген болжам бар. Екіншіден, үміткерлерді сапалы түрде іріктеу мақсатында ағылшын тіліне қатысты талаптар күшейтіледі. Атап айтқанда, магистратураға түсемін деушілер үшін IELTS-тің межесі 6,1-ге дейін көтеріледі. Үшіншіден, ағылшын тіліне қатысты талаптардың күшейтілуіне байланысты 2025 жылдан бастап барлық квоталық категорияларды алып тастайтын боламыз», – дейді Т.Ешенқұлов.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<