Болашақ полицейлер арнайы тестілеуден өтеді

209

0

 Полицияға жұмысқа тұрғысы келетіндер ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде тестілеуден өтеді. Бұл туралы ІІМ орынбасары Алексей Калайчиди айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда алғашқы қадам қалай жасалды? Тестілеу бұрын ішкі істер органдарында өтетін. Яғни, азаматтар қайда жұмысқа тұрғысы келсе – сол жерде тапсыратын. Ендігі кезекте, біз бұл тестілеуді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне беріп отырмыз. ІІМ-ге жұмысқа тұруға ниетті барлық адамдар агенттікте тестілеуден өтеді. Бірақ, медициналық комиссия мен дене шынықтыру даярлығынан өткеннен кейін олар түпкі конкурстан өту үшін бәрібір полиция департаментіне келеді. Ал енді іріктеудің алғашқы кезеңінің соңғы бөлімін де агенттікте беру мәселесі көтерілуде. Бұл – айтулы жаңашылдық. Демек, бізге жұмысқа тұрғысы келетіндер бойынша түпкілікті шешім Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алаңында қабылданады», – деді Алексей Калайчиди Ішкі істер органдарындағы жемқорлықпен күрестің үшжақты жоспары талқыланған отырыстан кейін тілшілерге.
Айта кетсек, бүгін елордада ІІМ мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшылығы, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуде ішкі істер министрлігінің Жол картасы негізінде қоғамдастық және ведомстволар әзірлеген ішкі істер органдарындағы жемқорлықпен күрестің үшжақты жоспары таныстырылды.
 «Реформаның бағдарламасын әзірлеуде белсенді түрде атсалысып жүрген азаматтарға ерекше алғысымды айтқым келеді. ІІМ Сіздермен әрдайым бірлесе еңбек етуге дайын. ІІМ тек сынның астында қалатын орган емес, сенімге ие болғанын қалаймыз», – дейді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<