«Болашақ» бағдарламасы: Барлық квоталар қысқарады

837

0

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Комиссия отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы есебі тыңдалды, сондай-ақ, «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыруға қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Конкурсқа қатысуға арналған құжаттар «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа қағидаларына сәйкес қабылданады.

Қағидаларда мына өзгерістер көзделген: басым мамандықтар тізбесі еңбек нарығындағы қажеттілік болжамын ескере отырып қалыптастырылады, ауылдық елді мекендерден шыққан үміткерлерді қоспағанда, үміткерлер «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орнынан басым мамандыққа оқу үшін шартсыз шақыру ұсыну, шетелдік жоғары оқу орнынан шартсыз шақыруы бар үміткер үшін GPA талаптарын алып тастау, конкурстық іріктеу кезеңдерін алты турдан үш турға дейін қысқарту, қолданыстағы барлық квоталық санаттарды қысқарту, ағылшын тілінде алдын ала тілдік дайындау Қазақстанда тек ауылдық елді мекендерден шыққан үміткерлер үшін ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте шет тілін меңгеру деңгейіне қойылатын талаптар күшейтіледі.

Сонымен қатар, «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асырудың жаңа тәсілдері енгізіледі. Жаңа тәсілдер «Болашақ» стипендиясына конкурстық іріктеу тетіктерін жетілдіру мен автоматтандыруды «Президенттік жастар кадрлық резервіне» іріктеу тәсілі бойынша жүргізуді көздейді.

Отырыс қорытындысы бойынша Қырымбек Көшербаев әсіресе «Болашақ» стипендианттарының оқу және еңбекпен өтеу процесіне бақылау мен мониторинг жүргізуді күшейту және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 27 мамырда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде белгілеген міндеттерді іске асыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Қазақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<