«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды

1796

0

Сурет: bolashak.gov.kz

«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің төртінші легінің тізімі жарияланды. Бұл жөнінде 2023 жылғы 22 желтоқсан күні Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі бағдарламаның сайтында жарияланды.

«Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның шешімімен 167 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды. Оның ішінде 131 адам магистратурада, 4 адам докторантурада оқиды, 32 қазақстандық әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберіледі», – делінген Болашақ халықаралық бағдарламасының ресми сайтында.

Бұл ретте стипендиаттардың басым көпшілігі инженерлік-техникалық бейін бағыттары бойынша даярлықтан өтеді.

Оқыту 66 мамандық бойынша жүргізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау бойынша инженерлік-техникалық мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінді. Инженерлер мен медицина қызметкерлеріне, магистратураға үміткерлерге квоталар енгізілді. Олар оқуды бастамас бұрын 12 айға дейін тілдік дайындықтан өте алады, ол үшін стипендияға өтініш берген кезде университеттен шақыру қажет емес.

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында Мемлекет басшысы ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және агроөнеркәсіптік кешен, геологиялық барлау, IT-сектор, креативті индустрия және т. б. үшін кадрлар даярлау жөнінде тапсырмалар берді. Бұл бағыттар сұранысқа ие және өзекті, біз үміткерлер санын көбейту, шәкіртақы алу және осы бағыттар бойынша мамандарды дайындайтын ЖОО іздеу жұмыстарын жүргіздік», – деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрайымы Әлия Оспанова.

Үміткерлер University of Aberdeen, University of Illinois at Urbana-Champaign, Australian National University, University of Oxford сияқты әлемдік рейтингтер қатарына кіретін жоғары оқу орындарына түсті. «Ақпараттық технологиялар және жүйелер», «Үлкен деректерді талдау», «Құрылыс инженериясы» және «Геология. Тау-кен ісі. Геодезия» сияқты мамандықтар үміткерлердің үлкен қызығушылығын тудырады.

«Сондай-ақ, шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның шешімімен 481 қазақстандық әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту үшін грант иегері атанды. Стипендиаттар 9 бағыт бойынша зерттеулер жүргізеді: инженерлік ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары, гуманитарлық сала, агроөнеркәсіптік кешен, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, әлеуметтік ғылымдар, білім, медицина, өнер», – делінген хабарламада.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<