КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ IX ОТЫРЫСЫНДА НҰРЛЫБЕК МАШБЕКҰЛЫ НӘЛІБАЕВТЫҢ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ
Бүгінде Қазақстан ауқымды өзгерістің, түбегейлі бетбұрыстың алдында тұр. Халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басуда.
Президентіміздің қатысуымен Сыр бойында өңірімізде өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды бесінші отырысы тарихи миссиясы айрықша мазмұнға ие алқалы жиын болды. Құрылтайда еліміздің келешек бағдары айқындалып, қоғамдағы ең өзекті мәселелер ашық талқыланды. Президентіміз бұған дейінгі ауқымды саяси реформаларының жалғасы ретінде Конституциялық реформаға қатысты өз ұстанымдарын жеткізді. Ел тарихындағы маңызды шешімдерді ұсынды.
Конституциялық реформа – еліміздің саяси жаңғыруына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күшейтуге, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған.
Мемлекеттілігіміздің басты нышаны болып табылатын Конституцияның жаңа жобасын қарау барысында түскен ұсыныстарды, сараптамалық қорытындылар мен мазмұнды бастамаларды терең талдаудан өткіздік.
Біз Конституцияның негізгі қағидаларын сақтай отырып, оның өзгеріп жатқан жағдайларға бейімделу қажеттілігін ескердік. Құқықтық мемлекет, адам құқықтары мен Қазақстанның ұзақ мерзімді мүдделерін қорғау принциптеріне сүйендік.
Ұсынылып отырған тәсілдер мен шешімдер жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қазіргі заманға сай азаматтарға бағытталған Конституция қалыптастыруға деген ұмтылысты білдіреді.
Өңірлер үшін жаңа Конституция жобасының практикалық маңызы зор. Құжатта әкімдіктер күнделікті жұмыс барысында бетпе-бет келетін мәселелер қамтылған. Бұл – су мен жер ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық жағдай, әлеуметтік қорғау, білім беру, аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету.
Конституция жобасы біз үшін, ең алдымен, шешімдер қалай қабылданатыны, оның жүзеге асырылуына мемлекет қандай жауапкершілік алатынын айқындайды.
Сонымен қатар, мемлекеттің егемендігін нығайтуға, азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған тың тұстарын ерекше атап өту қажет.
Маңызды құжатта әсіресе экологиялық қауіпсіздік мәселесіне айрықша мән берілген. Қызылорда облысы үшін бұл нормалардың маңызы өте зор.

Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Арал теңізінің тағдыры – ауыр сабақ. Оның салдарын бүгінгі күнге дейін сезініп келеміз.
Мемлекеттің қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету міндетін, азаматтардың экологиялық қауіпсіздікке қатысты құқығын, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ақпарат үшін артылатын жауапкершілік туралы нормаларды біз толық әрі саналы түрде қолдаймыз. Бұл біздің өңір үшін тек жалпылама айтылған ұранды сөз емес, болашақ үшін маңызы айрықша құқықтық кепіл болып табылады. Аймағымыздың табиғатын сақтауға, экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асырдық. Алдымызда әлі де атқарылуы тиіс жұмыстар аз емес.
Жаңа Конституция жобасының маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту.
Бұл құжат адамның құқықтарын қорғауға, өңірлерді қолдауға, әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге бағытталған. Атап айтқанда, ауылдық аумақтардың дамуына, жұмыс орындарын құруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, қолжетімді әлеуметтік қызметтерді жүйелі түрде іске асыруға, халық алдындағы міндеттемелерді толық орындауға мүмкіндік береді. Елімізде адами капиталды дамыту үшін білім беруді стратегиялық басымдық ретінде бекітеді.
Біз жастардың болашағына инвестиция салуды, сұранысқа ие мамандарды даярлауды, жас азаматтардың өз әлеуетін туған жерінде іске асырып, болашағын туған елмен байланыстыруына жағдай жасауды толық қолдаймыз.
Ата Заңымыздың жаңа жобасы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, жауапкершілікті айқын әрі анық бөлуге бағытталған. Бұл аймақтар үшін нақты даму бағдарын айқындауға, инфрақұрылымдық, әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде іске асыруға, халық алдындағы міндеттемелерді сапалы орындауға мүмкіндік береді.
Жаңа Конституция жобасын қолдаймыз. Себебі, бұл құжат өңірлерді дамытудың шынайы қажеттіліктерін, аймағымыздың экологиялық жағдайы мен тұрақты даму мәселелерін толық қамтиды.
Ең негізгісі, адам мен табиғат және мемлекет мүдделері біртұтас жүйе ретінде қарастырылуында.
Бұл – жауапкершілік, тұрақтылық және жарқын болашаққа бағытталған таңдау!





