Болашақта бізді қандай жаңалықтар күтіп тұр?

7628

0

Әлемге әйгілі футуролог, физик, жазушы және тележүргізуші Митио Каку жер жүзіндегі өте танымал 300 ғалыммен сұхбат жүргізіп, болашағымыз қандай болатынын анықтауға тырысты.  Ол жаңадан ашылған жаңалықтарды, бүгіндері ғалымдар айналысып жатқан технологиялар мен жобаларды сараптай отырып, адамзаттың даму бағытын ғана емес, өзгерістердің қай кезде орын алатынын да болжайды. Ол өзінің кітаптары мен лекцияларында бізді 20, 50, 100 жылдан кейін не күтіп тұрғанын әңгімелейді. Төменде ғалымның фантастикалық тұжырымдамаларының топ ондығын ұсынамыз.

Болашақта бізді қандай жаңалықтар күтіп тұр?

10. Интернетке кіру үшін көзіңізді ашып-жұмсаңыз болды

Алдағы онжылдықтарда біз интернетке кіру үшін арнайы контактілі линзалар көмегіне жүгінетін боламыз. Cол кезде адамдар көзін бір рет жұмып интернетке кіре беретін болады. «Терминатор» фильміндегі робот секілді өзінің назарын аударған обьектінің жоғары жағынан ол туралы түрлі ақпараттарды оқып таныса алады. Кездескен адамыңызбен әңгімелесіп тұрған сәтте ол туралы ақпараттарды көріп тұрасыз. Ал егер ол басқа тілде сөйлейтін болса, субтитр арқылы аударманы да оқи бересіз. Көшеде ескі танысыңыз кездесе кетті, ал оның есімін ұмытып қалғансыз. Компьютер оның кім екенін айтып береді.

         Барлық тауарларда электронды чип болады, сол арқылы олардың кез келгені туралы ақпаратты жедел біліп ала береді.  Мұндай чиптер энергияны өте аз жұмсайды, сондықтан қуаты таусылып қалады деп алаңдаудың қажеті болмайды.

9.  Заттар бұйрық арқылы түсі мен формасын өзгертеді

Нанотехнологияның дамуымен енді 20 жылдан кейін бағдарлама енгізілген материялар пайда болмақ. Оларды сол бағдарлама арқылы қалаған формаға өзгертуге болады. Заттар микроскопиялық компьютерлік чиптер – «клейтронды атомдармен» жарақтанатындықтан оларды қайта бағдарлауға бола береді. Пластик, тіпті металл бұйымдарды пластилин секілді өзгерте бересіз. Мобильді телефоныңызды қалтаңызға сиятындай етіп, кішірейтесіз, балаңызды жалықтырған ескі ойыншықта жаңа түрге айналдыра аласыз.

Тұрмыстық техникалар мен жиһаздар да осындай материалдардан жасалады. Сол себептен тетікті бір басумен бөлме интерьерін өзгертуге қол жеткізіледі.

8. Дәрігердің орнына «ақылды гаджеттер» кеңес береді

Болашақта бізді қандай жаңалықтар күтіп тұр?

Қазірдің өзінде ота жасаушыларға арналған науқастың тарихын, МРТ нәтижесін және рентген түсірілімін жүктеуге болатын «ақылды» көзілдіріктер бар. Жақын арада олар интернетпен ақпарат бөлісе алатын мүмкіндікке қол жеткізеді. Тек дәрігерлерге ғана емес, сондай-ақ пациенттерге де көмек көрсе алатын ауқымды Robodoc бағдарламасы пайда болады. Олар желіден ақпарат алып, нақты медициналық кеңестер береді.  Дәрігерге барып, одан сараптама тапсырып, оның нәтижесін күтіп уақыт жоғалтып жүрместен, денсаулығыңыз жөнінде «ақылды» көзілдіріктен немесе сағаттан кеңес ала бересіз.

Организм жағдайын киімге немесе унитазға бекітілген датчиктер бақылайды. Олар организмдегі өгерістерді тіркеп, қауіпті дерттердің алдын алуға көмектеседі. Мысалға обыр ауруының алғашқы белгілерін ісік пайда болмастан бұрын анықтайды, содан соң дәрігер гендік мутацияны тоқтататын және аурудың дамуының жолын кесетін нанобөлшектер инекциясын жасайды.

7. «Ақылды»  жапсырма қағаздар да пайда болады

Болашақта бізді қандай жаңалықтар күтіп тұр?

Компьютер экрандары қағаз секілді майысқақ және жұқа болады. Оларды түрлі бағытта өзгерте беруге қол жеткізіледі. Телефондар ғана емес, сондай-ақ жапсырма қағаздар да  (обой) «ақылды» дәрежеге жетеді және сіз олармен сөйлесе алатын боласыз. Мысалы, таңертегі сағат 4-тің кезінде төсекте жатқан сіздің кеудеңіз ауырып кетті делік. Ол неден болып жатыр білмейсіз. Мүмкін кешке көп тамақ жеп қойдыңыз, немесе бұл инфаркт болуы да ықтимал. Не істеу керек? Жедел жәрдемге хабар беру қажет. Сіз бар болғаны қабырғаға қарай жақындайсыз да, «Мені Robodocпен жалғастыр» дейсіз.

 

6. Автомобильдер роботқа айналып, ұша алады

Болашақта бізді қандай жаңалықтар күтіп тұр?

Жақын жылдары пилотсыз автомобильді жүргізетін боласыз. Автокөлікті автотұраққа өзіңіз қойып әуре болмайсыз, тек бар болғаны «парковка»  деп айтасыз, әрі қарай оны өзі орындайды. Автомобильдер роботқа айналып, сізге жұмыс күніңізді жоспарлауға көмектеседі немесе сізбен әңгіме-дүкен құра алады. Роботтехника өндірісі көлемі автомобиль өндірісінен асып түседі. Уақыт өте келе автомобильдер роботқа айналады.

 Жанармай үнемдеу үшін автокөліктің жол үстінде жұмсайтын үйкеліс күшін азайту мақсатында электромагнетизм қолданылатын болады. Магниттік алаң күшімен көлік жерге тимей ауада қалықтап тұра алады. ХХІ ғасыр соңына қарай асфалть жолдар орнына асқын өткізгішті (сверхпроводник) жолдар салынады. Магниттік левитация – бұл фантазия емес, магниттік жастықпен жүретін поездар қазірдің өзінде Германияда, Қытайда, Жапонияда бар.  Олардың ең үлкен жылдамдығы 2015 Яманаси преферектурасында тіркелді, ол 603 шақырым сағатты құрады.

5. Компьютерлер адамның ойы мен сезімін қабылдауды үйреніп, оны интернет арқылы таратады.

Болашақта бізді қандай жаңалықтар күтіп тұр?

 Митио Каку болжамы бойынша  2027 жылдан кейін интернеттің орнына  «брейнет» пайда болмақ. Компьютерлер адам миынан әсері мен естеліктерін қабылдап алып, оны желі арқылы тарата алады, тіптен басқа адамдардың миына жүктейді.  Смайликтердің орнына сіз достарыңызға өзіңіздің нақты эмоцияларыңызды жібересіз. Ал естеліктерді жүктеу Альцгеймер ауруымен ауыратын жандардың есте сақтау қабілетін сақтауға көмектеседі.

Біз сол сияқты иіс, дәм және түйсіну сезімдерді жазып, оны мидың тиісті бөліктеріне жолдап, адам санасында нақты жағдайдан айнымайтын иллюзия қалыптастыра алатын боламыз. Мұны басқарылатын галлюцинация деуге болады. Барлық виртуальды объектілер нақты реалды жағдай болып көрінеді. Бұл киноиндустрия мен ойын сауық саласын қандай өзгеріске түсіретінін шамалай беруге болады.

Нейробиологтар қазірдің өзінде адам миының белсенділігін зерттеу барысында қандай түс көріп жатқанын түсінуге қол жеткізді. Алайда, картиналар әзірге анық көрінбейді. Әйтсе де технологиялар жетілдірілуде, болашақта түсті жазып алатын мүмкіндік туатын болады.

4. Аяқ киім, ойыншық және үйді 3D принтерде жасап шығарамыз

Болашақта бізді қандай жаңалықтар күтіп тұр?

         Бүгінгі таңда АҚШ, Қытай, Нидерланды және Біріккен Араб Әмірлігінде үйлерді 3D принтерлермен басып шығаруда. Болашақта осындай принтермен  қажетті барлық заттарды балмұздақтан бастап, әшекейлерге, ойыншықтан бастап өзіңіз жобалаған жаңа жеке үйіңізге дейін басып шығаруға болады. Аяқ киім дүкенінде аяғыңызды өлшеп, көз алдыңызда сізге тұп тура болатын аяқ киімді жасап шығарады.

         Сонымен қатар, адамдар ойына келген өз фантазиясын технология күшімен визуалды жағдайға жеткізіп, 3D принтерде басып шығаруға болады. Осылайша өнердің жаңа формасы дүниеге келеді.

3. Адамның жойылған органдарын қайтадан өсіріп шығарады

Жақында қытайлық ғалымдар құлақ кемшілігімен дүниеге келген балалар үшін биологиялық ыдырайтын пластиктен жаңа құлақ өсіріп шығарды. Пластикалық каркасқа құлақ клеткасынан себінді енгізілген. Ол өсіп шыққаннан кейін пластик еріп кетіп, ал адамның өз организмінен өсіп шыққан орган қалады. Мұндай органды адам денесі жақсы қабылдайды, сондықтан еш қорықпастан тіге беруге болады.

         Келешек біз теріні, шеміршекті, қан тамырларын, кеңірдекті, ал кейінірек мұнан да күрделі органдарды бауыр, бүйрек, тіптен миды өсіріп шығаратын боламыз. Қазіргі таңда бұл бағытта Уэйк Форесттегі регенеративті  медицина институтында  Энтони Атала есімді ғалым айналысуда.  Клетка бағанасы технологиясы дами береді, соның көмегімен омыртқа дерттерін, Паркинсон, Альцгеймер, тіптен онкология ауруларын  емдеуді үйренеміз. Болашақта адамдар кесілген аяқ қолдарын саламандра секілді қайтадан өсіріп шығаруға қол жеткізеді. 2100 жылдарға таман ғалымдар қартаю процесін тежеуді үйреніп, адамдардың жасын ұзарта алады.

2. Біздің цифрлық көшірмелеріміз ғарышқа аттанып, мәңгі өмір сүретін болады

Қазірдің өзінде АҚШ тағы Криемный алқабында сіздің желідегі және басқа орындардағы жеке мәліметтеріңізді сараптай отырып  цифрлық көшірмеңізді жасап шығара алатын компания бар. Олар тіпті сізден аумайтын сөйлейтін робот жасай алады. Ал ондаған жылдар өткеннен кейін не болмақ?

2009 жылы Human Connectome Project жобасы бастау алды. Оның мақсаты адам миының картасын жасау. Оның көмегімен келешек адамның санасын цифрлап, одан кейін адамның цифрлық көшірмесін жасай аламыз. Цифрлық күйде адам мәңгілік өмір сүреді, оның ұрпақтары, шөбере шөпшектері онымен сөйлесе алады. Цифрлық күйіңізде сіз ғарышқа аттана аласыз. Лазер көмегімен бір секундта сіздің цифрлық «жаныңыз» Айда, 20 минутта Марста, ал  4 жылдан кейін Альфа Центаврда болады.

1.Адамдар роботтармен бірігеді

Қазіргі роботтар қаншалықты ақылды? Әлемдегі ең ақылды робот жапондық Asimo  жүгіріп, баспалдақпен көтеріледі, сөйлеседі және билей алады, бірақ онда тараканның да интелекті жоқ. Біраз жылдардан кейін ол тышқанның, одан кейін атжалманның, мысықтың, иттің деңгейіне жетеді. Келесі ғасыр басында мүмкін маймылдың деңгейіне жететін шығар? Міне сол кезеңдері олар қауіпті болуы ықтимал. Өйткені, маймылдың сана сезімі бар, оларда өзіндік мүдделері пайда болуы мүмкін. Сол уақытта олардың миына чип орнату керек. Олар қандай да бір қастандық әрекет ойлайтын болса, сөндіріп тастауға болады.

         Бір уақыттары олардың  чипті алып тастауға түсінігі жетеді, бірақ сол кезде адамдар роботтармен бірігуді ойлап табады. Мысалға, бізге ұқсайтын, бірақ адам қабілетінен тыс, Марста өмір сүре алатын, белгісіз планеталарға жетіп, галактика арқылы саяхаттай алатын бақылауда болатын авторлар.

***

Міне ғалымдар болжамы осындай. Кейбір болжамдардың орындалатынына нақты сенім бар, алайда келесі бірі фантастикалық қиялға ұқсайды. Ертеректе бір ғалымның «болашақ медицинасы адамның миынан басқа барлық органдарды жасап шығара алатын болады. Бірақ миды жасап шығаруға адамзаттың құдіреті жетпейді» деген пікірін оқыған едік. Сондықтан, миды жасап шығарады деген болжамның күмән тудыратыны рас. Немесе  адамдардың қартаю процесін тежеу деген де күдік келтіреді. Ал адамның цифрлық көшірмесі немесе роботтармен бірігуі туралы не айтуға болады.

Осыдан 100 жыл немесе 50 жыл бұрынғы адамдарға бүгінгі біз пайдаланып отырған технологиялық жетістіктер туралы айтса сенер ме еді деген сұрақ туады. Сол себептен де пәлен деп сәуегейлік айту қиын.  Ғылым мен техниканың мүмкіндігі қандай деңгейге дейін алып баратынын білмейміз. Оның бәрі бір Аллаға ғана аян.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<