Болашақта бұл жұмыстың аясы кеңи түспек

341

0

Болашақта бұл жұмыстың аясы кеңи түспек Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев брифинг барысында БАҚөкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Дулат Әбибуллаев,
«Qazaqstan» ұлттық арнасының редакторы:

– Қазіргі  ақпараттық және цифрлық техно­логиялар заманының талабына сай болу үшін қандай жұмыстар жасалуда? Өткен брифингте «Майкрософт» академиясының ашылатыны ту­ра­лы айтып едіңіз. Екінші сауалым,  туризммен сабақтас. Байқоңырдағы бір әуежай Қазақстан меншігіне өте ме?

Жауап:

– Ақпараттық және цифрлық технологияны дамытуға қатысты Үкімет бағдарламасы аясында көп жұмыс бар. «Майкрософттың» академиясы ашылды. Жақында ІТ парк аштық. «Hackday-2018» –  ақпаратық технологиямен айналысып жүрген 100-ден астам жасқа  48 сағат ішінде жобаларын жасауға мүмкіндік ұсындық. Бірақ жастар біздің күткендегіден де озық нәтиже көрсетті. Жобаға 500-ден астам жас қатысты. Олар жасаған 14 жобаны іске асыруға бюджеттен қаржы бөлдік. Астана мен Алматыдан кәсіпкерлер келіп тағы да 4 жобаны қаржыландыруда. Сол жағалауда салынып жатқан жаңа қалада Жастар ресурстық орталығында ІТ парк те болмақ. Ол Қазан қаласындағы ІТ парк  үлгісінде болады. Татарстан ақпараттық технологияларды дамытуда Ресейдегі ең озық  орталыққа айналды. Біз осы орталықпен тығыз байланыстамыз. Жобалық басқару бойынша Белград облысының тәжірибесін алдық. Белград – бұрын ең артта қалған өңірлердің бірі еді. Жобалық басқаруды енгізгелі бері маңдайалды 3 аймақтың қатарына енді. Оған қоса қытайлық әріптестерімізбен «Ақылды қала» жобасына байланысты келісімге келдік. Елбасының алдымызға қойған міндеттерін орындау үшін осындай әлемде мойындалған орталықтармен қарым-қатынасты жолға қойдық.

Байқоңырға қатысты айтсақ, «Роскосмоспен» ғарыштық туризмді дамыту  туралы келісім бар. Қазақс­тандық және ресейлік туристік ком­па­ниялар жұмысын бастап кетті. Болашақта бұл жұмыстың аясы кеңи түспек. Ресейдің «Восточный» ғарыш айлағындағы жобалардың жартысынан көбі қайтадан Байқоңырда жүзеге асырылатын болды. Өйткені ондағы кейбір мәселелерді жобалауда қателіктер орын алған. Ресей Үкіметіндегі кадрлық өзгерістер аяқталған соң үкіметаралық комиссияның кезекті мәжілісі өтеді. Өткен отырыста 14 жобаны жүзеге асыруға келістік. «Восточныйдағы» жобаларды Байқоңырға көшіру туралы жоспарды жария еткенде  Елбасы Ресей басшылығына Байқоңырды моноқала емес көпсалалы қала ретінде дамыту туралы талап қойды. Сондықтан Байқоңырдың болашағы зор. Жақында БАӘ-ден келген делегация Байқоңырдағы 3 старттық кешенді алып, Парсы шығанағындағы мемлекеттердің жасанды жерсеріктерін орбитаға шығаруға қаржы салуға мүдделі екенін білдірді. Оған қоса мейманхана, сервистік орталықтар салуға ниет етіп отыр. Байқоңырдың ар жағында Қамбаш көлі бар. Оның суының сапасы Алакөлмен бірдей. Бер жағында Қорқыт ата кешені бар. Туристерге тарихты танып, ғарыштың тылсым әлеміне  қанығып, Қамбашқа аялдап қайтуына болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<