Болмысы биік азамат

7

0

Екі ғасырды, екі қоғамдық құрылысты көрген, тек бағамдау мен көзқарастың ғана емес, адам ақылы мен санасының өзгеретінін мойындаған біздер, саясаттың да, экономикалық қатынастың да, тіпті мәдени-әлеуметтік бағдардың да заманына қарай жасалатынын білдік. Өзгермейтін бір қағида бар, ол – адал еңбек. Еңбек қана адамды адам, саналы тіршілік иесі атандырады. Еңбек –тек нәпақа табудың құралы емес, мінездің айнасы, ішкі дүниенің сұлу, бай болуы. Қандай да бір қиындықты жеңетін, төзім мен сабырды қалыптастыратын да еңбек. Сонымен бірге ол – өміріңнің мәні.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың 15 наурызында Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдағы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты сөйлеген сөзі – осы айтқанымыздың айғағы. Өз сөзінде Президентіміз: «Маңызды құндылық – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Сондай-ақ қай жерде өзіне және еліне пайдасы тисе, сол жерге барып еңбек етуі керек. «Туған жерге туың тік» дейді халқымыз. Өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет» деп, табыс көзінің тек адал еңбекте екенін нақтылап берген болатын.

Шынында да, аға ұрпақ маңдай те­рімен еңбек етіп, оның құдіретін ісі­мен көрсетті. Оларда төзім мен жа­уап­кершілік болса, еңбек оларды адал да сабырлы, жауапты да тұрақты етті. Еңбектің ең басты құндылығы – тәрбие қуатында. Қандай да болсын қиындыққа мойымай, бастаған ісін соңына дейін жеткізу, адалдық, адамгершілік – мұ­ның бәрі еңбек үстінде қалыптасады.

Бүгінгі әңгімеге арқау болып отыр­ған Сайлаубай Сердалиев осындай на­ғыз еңбектің адамы болатын.

Қатар сыйласа жүріп, адам бойын­дағы қасиет пен асыл мінездің еңбекпен шыңдалатынына осы кісі арқылы тағы да көзім жетті. Оның бойында үлкен жа­уапкершілік бар еді. Өз басына, от­басына ғана емес, ағайын-туыстың, за­­мандастарының жауапкершілігін кө­­тере білді. Қандай істе де сабырлы бо­­латын, өйткені маңдай терсіз, сұлу мінезсіз береке болмайды. Қайсар еді, қиын­дықты еңсермей жетістік­ке же­ту мүмкін емес екенін терең тү­сінді. Ол кісі­нің бо­йын­дағы қарапайым­ды­лық­тың өзін де еңбектен деп білемін.

Адамдар арасындағы қарым-қаты­настағы ең басты нәрсе сыйластық қой. Сыйластық бар жерде сөзің салмақты, үнсіздіктің өзі мәнді болады. Шынайы сыйластық адамды биіктетеді, бірақ өзгеден жоғары қоймайды. Сондықтан қарым-қатынасымыздың өлшемі сый­ластық болып табылады екен.

Сәкең менен 14 жастай үлкен бол­ғанымен де атымды атамай «Айе­ке» дейтін. Мен Сәкеңе: «Сіз ағала­рым­нан да үлкенсіз. Сондықтан атым­ды атай бер­сеңізші» деймін ғой ыңғайсыз­данып. Ал ол өз дегеніне саяды.

Біздің Сайлаубай ағаға, оның бізге деген құрметі тек қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің шарты емес, кісіліктің өлшемі еді. Ол бір әулеттің екінші әу­летке деген ықыласы ғана емес, екі рудың, екі аймақтың арасындағы сый­ластық, жекжаттықтың сенім көпірі еді. Әрине, сыйластық өзінен өзі кел­мейді, құдалар арасындағы әдемі қарым-қа­тынас сөзден бұрын іспен, дастар­қаннан бұрын ниетпен танылады. Құрметтеу дегеніміз асыра мақтауда емес, орынды ілтипатта, сабырлы ізетте.

Сайлаубай Сердәліұлы 1939 жылы Қызылорда облысы Арал ауданы Қа­ратерең ауылының «Тастақ» елді ме­кенінде дүниеге келген. Әкесі 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, сонда ерлікпен қаза тапқан. Шешесі Сәрсенбайқызы Ханбибі 1907 жылы дү­ниеге келіп, 1989 жылы қайтыс болған.

1957 жылы Қасқақұландағы ор­та мектепті бітіргеннен кейін Қы­зылор­да қаласына келіп, медицина учили­ще­сіне түсіп, сонда оқиды. Бірақ еңбекке ұмтылған ол оқуын тастап, көлік жүргі­зушілер курсын аяқта­ған соң Тасбөгет кентіндегі «Қы­зылор­дамелиорация» трес­тіне қарасты «Тасбөгет авто­база­сына» автокөлік жүргізуші болып жұ­мысқа орналасады. Ол кезде Қазақ­стан­да тыңның көтеріліп, барлық жас­тардың «Еңбек май­данына» деген ұран­мен шаруа­шылыққа араласып жатқан кезі болатын.

Жұмыс жүре берді. 1965-1980 жыл­дары Қызылорда облысында күріш егіс­тіктері кеңейіп, барлық елді ме­кендерде канал қазылып, су апарыл­ды. Сол қызған еңбек даласында Сә­кең де белсене араласып, қатарының ал­ды болып жүрді. Жүк апармаған ел­ді мекендері кемде-кем шығар. Со­нымен қатар, Набережные Челны, Таш­кент, Самарқан, Фрунзе (қазіргі Бішкек) және де Советтер Одағы­ның басқа да ірі қалаларына іссапар­ларға жиі барып тұратын. Үлкен мегопо­лис­тердегі жүк автокөлігімен жол жүру ерекшеліктерінің бірі – оның қиын­дығы мен жауапкершілігінде, алыс­тығы мен қауіптілігінде болатын. Және де бұндай іссапарларға тек тә­жірибелі де сынақтан өткен жүргізу­ші­лерді жіберетін.

Жүк автокөліктерінің неше бір ауырларын ұршықша игерген Сайлау­бай өзінің адал еңбегімен таныла біл­ді. Сол еңбектің арқасында «Ерен ең­бегі үшін», «Еңбектегі ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен ма­ра­патталды. «Социалистік еңбек же­ңім­пазы», «Оныншы бесжылдық же­­ңім­пазы», «Сырдария ауданы чем­пио­­ны» абыройлы атақтарын жеңіп алды.  

Оның өмір жолына көз жүгір­те отырып, мына жайды бағамдаған­дай­мын: Адам ең алдымен еңбекқорлықпен қатар адамгершілік һәм адами болмыс­ты жоғары ұстағаны жөн. Қандай жағ­дайда да әдептілік керек.

«Жігіттің басында үш гауһар бар» дейді тәрбиелі әңгімеде: оның бірі – ақыл, екіншісі – сабыр, енді бірі – көре­гендік. Сол үшеуінің үш жауы бар: ақыл­дың жауы – ашу, сабырдың жауы – асығыстық, көрегендіктің жауы – қызғаншақтық».

Ал Сайлаубай болса ақылды да сабырлы азамат болатын. Өмірден өт­кенше ағайынның ақылды қариясы бол­ды, әр нәрсеге сабырлықпен қарайтын, ешқашан артық кеткен жерін көргенім жоқ. Көпті көрген, көрегенді де пара­сатты жан еді. Адамды «Азамат» деп сыйлады, адамгершілікті бағалады. Өзі де көпке құрметті болды.

Еңбегінің арқасында сол кездегі съездерге делегат болды. Советтер Ода­­ғының көптеген қаласында: Моск­ва, Есентуки, Кисловодск, Наль­чик, Же­лез­новодск, Пятигорск, Брест және т.б. қалаларда, сондай-ақ Польша, Гер­­мания, Чехо­словакия елде­рінде ту­­ристік саяхаттарда болды. Москва қа­ла­­­сындағы ВДНХ көр­месіне 2 рет делегат болып қайтты. Осы жетіс­тік­терге қол жетуде Күләш апайдың да еңбегі орасан зор.

Еліміз егемендігін алғаннан кейін де Сәкең сала ардагері есебінде бір­неше рет марапатталды. Қазақстан Рес­публикасының Индустрия және инфра­құрылымдық даму министр­лігінің «Құр­­метті автокөлікші» төсбел­гісін, Қа­зақстан Республикасы Көлік ми­нистр­лігінің «Еңбек ардагері» медалін тақты. 2024 жылы 1 маусымда мерейлі 85 жасқа келгенде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, төраға орынбасары Өмірбек Шәменов және басқа да жауапты азаматтар төсек тартыңқырап жатқан ақсақалға келіп, құттықтап, өздерінің ыстық лебіздерін білдірді. Дәстүрге сай иығына шапан жауып, Күләш апаға қамзол кигізді.

Осы жетістіктерінің басты себебі мен дәнекері Сайлаубайдың адал ең­бегі, ішкі жан дүниесінің тазалығы мен кең парасат иесі болғанының нәтижесі деп білеміз.

Айдарбек ЖҰМАТОВ,

 қаржы саласының ардагері