Болмысы бөлек тұлға

43

0

Сартай Мыханұлы туралы көргендерім мен көңілге түйгендерімді қағаз бетіне мүмкіндігінше түсірдім. Оның өмірі қамшының сабындай қысқа болғанымен (52 жас) қалдырған ізі өшпейді. Жарқын бейнесі аңқылдаған ақ пейілі, адал көңілі арқылы өзі қызметтес болған араласқан азаматтардың бәрінің де сүйіктісіне айналған. Көзі тірі болғанда бұл күндері 90 жасқа келер еді.

Сартай Мыханұлы ауыл шар­уашылығы саласында тәжірибесі мол, көзқарасы кең, білікті басшы болатын. 1958 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп еңбек жолын Жалағаш ауданындағы Ка­ли­нин атындағы колхозда бас зоотехник болып бастады. Сол кезеңде аудан, облыс басшы­ла­рының, мамандарының наза­рына ілігіп үлкен ілтипатқа ие болды. 1963 жылы Сырдария ауданы Аманкелді совхо­зы­ның бас зоотехнигі қызме­тіне жоғарыла­тылды. Осы шаруашылықта ат­қарған ерен еңбегі ескеріліп, Же­тікөл мал бордақылдау сов­хозына директор қызметіне та­ға­йындалды.

Саналы ғұмырын, еңбек жо­лын Сырдария ауданында өт­кізді. 1974 жылдан өмірінің со­ңына дейін Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынба­са­ры қызметін атқарды. Аудан­ның мал шаруашылығы саласына тікелей басшылық етті.

Сартай аға еңбек еткен кезең­де Сыр елінің экономикалық дамуына зор үлес қосты. Әсіре­се мал шаруашылығының өркен­де­уіне көп еңбек еткен азамат.

Сырдария ауданына қарас­ты 9 совхоз, 2 тәжірибе шаруа­шылығы және құс фабрикасы болды. Сол кезеңде ауданда мал басы өсті. Атап айтсақ, ірі қара 17 мың, қой 230 мың, жылқы 1800, түйе 600 басқа жетті. Ет, сүт, жүн өндіру көлемі облыстағы ау­дандардың алдынан көрінді. Төл алу жоспары жыл сайын ар­тығымен орындалды. Қо­ғам­­дық малдың шығыны азайды. Ауданда алғаш рет мал бордақылау алаңдары іске қосылды. Жем-шөп цехтарының тұрақты жұмыс істеуіне бақылау жасалып, ірі шөпті турап-булап, микро-макро элементтерімен байытып бе­ру қолға алынды. Нәтижесінде аудан шаруашылықтарында жо­­ғары сапалы ет өнімдерін да­йындауға қол жетті. Айта кету керек, осы жұмыстардың нәти­жесінде етке өткізілген ірі қара­ның тірілей орташа салмағы 400, қой 50, жылқы 350, түйе 500 келі салмақта тапсырылды. Сонымен қатар, Айдарлы сов­­хозында сыйымдылығы 10 мың, Жетікөлде 5 мың басқа ар­налған ірі қара бордақылайтын алаңдар, ал 1 Май, Тартоғай, СССР-дің 50 жылдығы, Аман­келді совхоздарында әрқай­сы­ның сыйымдылығы 3 мың бас­қа арналған қой бордақылау алаң­дары жұмыс жасады.

Ауданның сүт өндірумен айналысатын шаруашылықтары облыс орталығы Қызылорда қаласының іргесінде орналас­қан­дықтан, қала халқын сүт өнім­дерімен қамтамасыз ету Сыр­дария ауданына жүктелген. Сондықтан сүт өндіретін тауар­лы сүт фермаларының тұрақ­ты жұмыс жасауы, ондағы зоотех­никалық-малдәрігерлік та­лап­тар­дың мүлтіксіз орында­луы, қаланың сүт өңдеу фабри­ка­сы­на өткізілген сүт өнімдері сапа­сының бекітілген мемле­кеттік стандартқа сай болуы күнделікті тексеріліп, қатаң бақылауда ұс­талды.

Сырдария ауданы сол жыл­дары мал шаруашылығы өнім­дерін өндіруде ең жоғарғы көр­сет­кіштерге қол жеткізді. Ау­дан социалистік жарыстың қоры­тын­дысында қол жеткен табыстары үшін 2 рет республикалық, 3 рет облыстық ауыспалы Қызыл туды жеңіп алған болатын.

Мал шаруашылығы саласы сол кезеңнің сұранысына сай қайта құруды талап етті. Сон­дықтан ауданда төрт түлік мал тұқымын асылдандыру жұ­мыс­тарына көп көңіл бөлін­ді. Абай, Жамбыл, Киров атын­дағы сов­хоздарда сүт бағы­тын­дағы асылтұқымды «Әулие­ата» сиырын, ал Тарто­ғай, Аман­келді совхоздарында асыл­тұ­қымды «Сурхандария», «Бу­хар» сұр қойын өсіру ұйым­дас­ты­рылды. Тартоғай совхозы осы жұмыстардың нәтижесінде рес­публикада асылтұқымды сұр қо­йын өсіру зауыты атағын алды.

Сартай ағамен он жылға жуық қызметте бірге болдым. Үлкен өмірде, қызметте осындай мінезі жайсаң, абзал азаматпен бірге болғаныма мақтанамын. Мамандық шыңдауда көп нәр­сені үйрендім.

Оның еліне сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Жоғар­ғы Кеңестің Құрмет грамотасымен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Сартай Мыханұлы тек білік­ті басшы, іскер ұйымдасты­рушы ғана емес, адал дос, мейірімді әке, қарапайым халықтың қамын ойлайтын ел азаматы болды.

Сол кезеңдегі аудан басшы­лары Еламан Жүнісбаев, Сейіл­бек Шаухаманов, Сәмит Далдабаев, Нәлқожа Ергешбаев, Оңал­бек Сәпиев, Биғали Қаюп­ов, Ибрагим Әбибуллаев, Елубай Қосжанов, Мәді Әбдірамановпен қызметтес болды. Басшылар Сар­тай Мыханұлының өзі айналысатын саланы мейлінше жетік білетінін, зеректігін, іскерлігін құрметтейтін.

Қызметтес болған, бір дәуір­дің ыстық-суығын қатар өткер­ген әріптестері Айдарбек Қадірқұлов, Жарқынбек Әнуар­ов, Нұрман Жүндабеков, Өзбек­бай Досмағанбетов, Әбсами Оразалиев, Нартай Әбуов, Жет­пісбай Өңдірбаев, Әнуарбек Қал­таев, Мақсұтхан Бимұрзаев, Ботабек Шәрібеков, Асылбек Әлібеков, Бақыт Шажанбаев, Сағындық Халықов, Оспан Жорт­пасов, Ералы Пәрменов, Шахар­бек Қабылшаев, Дахарбек Мырхиев, Баян Аппазов, Аманбай Пірманов, Мәулен Тоқтыбаев, Басаман Пірімбетов, Жаппарбек Тоқышев, Айғали Дүйсенбаев сынды әріптестері достық қатынаста болды.

Сартай аға мен Шырынкүл жеңгеміз 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы. Ұлда­ры Алматбек пен Талғат Алма­ты­дағы ірі кәсіпкерлердің қата­рында. Бердібек – Сыр еліне еңбегі сіңген белгілі іскер азамат. Ол Сыр өңірінде ауыл шар­уа­шылығы нысандарын жаң­ғырту және гидротех­никалық жұ­мыстарды атқаруда ел игілі­гінде абыройлы қызмет жасап жүрген абзал азамат екенін жақсы білеміз.

Сартай ағаның ақжарқын, ашық мінезі, адалдығы, ортасына беделі, өзіне жарасымды бір айтар сөзі, әзіл-қалжыңы оны білетіндердің есінде мәңгі қалды деп есептеймін.

Дүйсенбек ПІРІМҚҰЛОВ,

шәкірті, ауыл шаруашылығы саласының ардагері