«Борышкер» іс-шарасы өткізілуде

1075

0

Маусымның 6-30 күндері аралығында облыс көлемінде әкімшілік құқық бұзушылық жасап, айыппұлдарын төлемей жүрген жеке және заңды тұлғалардың айыппұлдарын өндіру бағытында прокуратура органдарымен және жеке сот орындаушылармен бірлескен түрде «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.

Іс-шара басталғалы айыппұл төлеуден жалтарып жүрген екі құқық бұзушы анықталды. Мысалы, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған «Лексус» автокөлігінің иесінен 226 мың 662 теңге айыппұл өндірілсе, 364 мың 497 теңге айыппұлын төлемей жүрген құқық бұзушының «КАМАЗ» автокөлігі айып алаңына қойылды.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 893-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға айыппұлды қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 (отыз) тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс.

Төленбеген жағдайда осы Кодекстің 894-бабына сәйкес, айыппұл салу туралы қаулыны немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы сот, уәкілетті орган (лауазымды адам) жауаптылыққа тартылған тұлғаның жалақысынан немесе өзге де кірістерінен айыппұл сомасын мәжбүрлеу тәртiбiмен ұстап қалу үшiн ол жұмыс iстейтiн не сыйақы, зейнетақы, стипендия алатын ұйымның әкiмшiлiгiне жiбередi.

Егер айыппұл салынған жеке тұлға жұмыс iстемейтін болса немесе басқа да себептер бойынша айыппұлды жалақысынан немесе өзге де табыстарынан өндiрiп алу мүмкiн болмаса, қаулыны шығарған сот, уәкілетті орган айыппұл салу туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы ҚР-ның заңнамасында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп орындату үшiн сот орындаушысына жiбередi.

Тұрғындардың назарына! Айыппұлдар бойынша қосымша сұрақтарға мәліметті Қызылорда облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының Әкімшілік практика бөлімінен (Қызылорда қаласы, Назарбаев даңғылы №22 ғимараты) біле аласыздар.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<