Бруцеллез – аса қауіпті дерт

1129

0

        Адам ағзасына елеулі қауіп тудыратын өте жұқпалы аурулардың бірі – бруцеллез. Аталмыш жұқпалы аурудың қоздырушысымен адам ғана емес, барлық малдар түрлері аурады.

    Бруцеллез – Brucella  туысына жататын және ауыл шаруашылық малдарының алты түрлі бактериялар қоздырушылары. Ауыл шаруашылық малдарының ішінде ұсақ малдар (қой, ешкі) арасында кездесетін Brucella melitensis түрі өте қауіпті және жұқпалы,- деп саналады. Бруцеллез ауруының алғашқы байқалатын клиникалық белгілері – буаз малдардың жаппай түсік тастауымен басталады. Осындай клиникалық белгілерді мал дәрігері негізге ала отыруы қажет, себебі сыртқы ортаға түсік арқылы шыққан бруцелла қоздырғыштарының уыттылығы мен залалдылығы өте жоғары деңгейде болады.

Сыртқы ортаға бөлініп шыққан бруцелла қоздырушылары, сыртқы ортаға өте төзімді болып келеді. Сүтте бруцелла қоздырушылары 10-273 тәулік, май өнімдерінде – 10-142, ірімшікте – 25 тәуліктен 1 жылға дейін, сүзбеде – 45, ашыған сүтте – 2-30, мұздатылған етте – 320, тұздалған майда – 30-113, жүнде – 14-90, қозы терісінде – 2 айға дейін, тоопырақта – 40 тәулікке дейін, ал 5-8 см тереңдікте – 60 тәулік бойы өз өміршеңдігін сақтайды.

    Бруцеллезден таза емес мал шаруашылықтарын сауықтыру шаралары мен залалданған малдарды жою және сыртқы ортаны залалсыздандыру жұмыстарын толық атқару тиімді нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

       Сыртқы ортаны залалсыздандыру үшін 20% сөндірілген известің езіндісі мен 5% нефтализолдың эмульсиясы, 2% формальдегид, 0,5% глутаральдегидінің ерітінділері қолданылады.

       Осы орайда өткен 2018 жылдың эпизоотиялық жағдайына қарайтын болсақ, облыс бойынша 288,4 мың бас бруцеллезге тексеріліп, 57 бас ауруға шалдыққаны немесе 0,02 пайызды құраса, 713,1 мың бас уақ малдан 111 бас ауру анықталып, 0,01 пайызды құрады.    

       Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес аталмыш ауруға 2018 жылы барлығы 69 адам тіркелсе, оның 9 –ы 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Осы ауруға шалдыққан адамдарды әлеуметтік жағдайына сәйкес талдау жасағанда ең көп бруцеллезге шалдығатындар жұмыссыздар және зейнеткерлер болып отыр. Бұл дегеніміз санитарлық нормаларды сақтамай тікелей үй жануарларымен байланыста болатын санаттар болып табылады.

Бруцеллезбен ауырған малдан адамға ауру әр түрлі жолдармен беріледі. Залалданған құрал-жабдықтарды пайдалану арқылы, қойдың жүнін қырқу, мал сою, жаппай мал төлдету кезінде, мал терісін өңдеу барысында және де басқа да жағдайлар кезінде, яғни шикі азық-түліктерді пайдалану арқылы қоздырғышты жұқтырып алуы ықтимал. Сонымен қатар малдармен тығыз байланыстағы адамдардың жеке басты гигиенасы да толық және мұқият сақталуы қажет. Әсіресе мал төлдету науқаны кезінде сақтық шараларын қатаң сақтай отырып, арнайы киімдер мен резина қолғаптар, етіктер, халаттар және фартуктермен толық қамтамасыз етілуі қажет.

Зерделенген талдау нәтижесінде өткен жылдың қортындысымен мүйізді ірі қара және уақ малдың бруцеллез ауруының таралуы бойынша аумақты аймақтарға бөлу эпизоотиялық картасы жасалды. Эпизоот картада көрсетілгендей бруцеллез ауруының таралуы жоғары аймақтарда тиісінше адамдар арасындағы бруцеллез ауруына шалдығу көрсеткіші жоғары болып отыр.

Өте жұқпалы бруцеллез ауруын болдырмау үшін аталмыш аурудан таза шаруашылықтарды және де басқа елді мекендердегі мал иелері мына төменде келтірілген талаптарды міндетті түрде орындаулары қажет: шаруашылықтан мал шығарып әкелу және шаруашылық ішінде сұрыптау, бөліп-қосу, іріктеу жұмыстарын жүргізу тек қана мал дәрігерінің қатысуымен істелуі тиіс. Ал аурудан таза шаруашылықтарынан әкелінетін малдардың анықтамалары түбегейлі тексеріліп, нұсқауға сәйкес мал бір айлық бақылауда болуы қажет. Бақылау кезінде малдардан қан алынып, арнайы зертханаларға серологиялық реакциялармен тексеруден өткізіледі. Барлық тексерулер нәтижесінде, белгілі мерзім өткен соң, жалпы мал отарына не табынына шаруашылықтың бас мал дәрігері рұқсат бергеннен кейін ғана қосуға болады.

 

Болат Қаратаев, 

Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының аға ғылыми қызметкері,

 ветеринария  ғылымдарының докторы, профессор. 

Даулет Ибрагимов, 

«Қызылорда ғылыми-зерттеу ветеринария станциясы» филиалының меңгерушісі, 

ветеринария ғылымдарының кандидаты 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<