Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл күнді мереке ретінде атап өту 1925 жылы Женевада балалар мәселелеріне арналған Дүниежүзілік конференцияда қабылданға дейтін дерек бар. Бір ғасырға жуық тарихы бар мерекені тәуелсіз Қазақстан да жыл сайын атап өтеді. Жалпы Қазақстан балалардың құғын қорғауға қатысты халықаралық құжаттардың барлығын дерлік ратификациялаған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында-ақ осы мәселеге ерекше тоқталып, заңнаманы жетілдіру туралы тапсырмалар берген болатын. Соның аясында бір жылда елімізде балалардың құқығы туралы заңнамаға 83 түзету енгізілген. Балалардың құқығымен байланысты мәселелерді елімізде Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті реттейді.
Сондай-ақ Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл бар. Бұл қызметті қазір танымал қоғам қайраткері Аружан Саин атқарып отыр. Аталған Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бір жылда 454 мың баланың құқығын қорғауға ықпал еткен көрінеді.
«Білім және ғылым министрлігінің назарына 454 мың баланың құқықтық мәселесі түсіп, соның бәріне біз қол ұшын беріп, реттедік. 2020 жылы 640 мың бала мектептерде тегін тамақпен қамтылды. Нұр-Сұлтан қаласында, Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар облыстарында 1-4 сынып оқушылары 100 пайыз ыстық тамақпен тегін қамтылды. Қарағанды облысында 1-2 сынып оқушылары, Маңғыстау және Ақмола облыстарында 1-сынып оқушылары түгел тегін ыстық тамақпен қамтылды. Комитет тарапынан ұйымдастырылған ең ауқымды шаруа осы деуге болады», – дейді комитет төрағасы Есенғазы Иманғалиев.
Құзыретті органның дерегіне сүйенсек, бүгінгі таңда республикада 23 мыңға жуық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның 4 мыңы балалар үйінде тұрады. Жалпы ондай мекемелердің саны жылдан-жылға азайып келеді. Тек соңғы 10 жылда жетім балаларға арналған 114 ұйым қысқарған екен. Діни дағдарысқа тап болып, террористік қаттығыстар алаңына кеткен отбасылардың балаларын қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясы Қазақстанның бала құқығы мен мүддесіне сергек қарайтынын көрсеткен болатын. Қазір осы балалардың әлеуметтік оңалту ісіне мемлекет тарапынан көңіл бөлініп отыр. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкинаның айтуынша, отанға оралған балалардың алды оқу озаты атанып, олимпиадаларда жүлде ала бастаған.
«Жусан» арқылы келген балалардың бәрі мектеп пен балабақшаға барып жүр. Оңалтуға алынған балалардың 40 пайызы үздік және озат оқушылар қатарына қосылғанын біліп, қуанып жатырмыз. Арасында олимпиада жүлдегерлері, түрлі шығармашылық байқаулардың, спорттық конкурстардың жеңімпаздары бар екенін мақтаншыпен айтып жүрміз», – дейді ведомство өкілі.
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 0-17 жас аралығындағы балалар Қазақстан Республикасы халқының үштен бірін құрайды. Нақтырақ айтсақ, елімізде 6 млн 109 мың кәмелетке толмаған тұрғын бар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<