Бүгін – халықаралық театр күні

307

0

Фото: Өңірлік коммуникпциялар қызметі

Театр – кез келген елдің мәдениеті көрініс тауып, талай тағдырлар тоғысатын, сан түрлі сезім сипатталатын, түрлі тақырыптан сыр шертетін мәдени орда. Киелі сахнаның арғы жағы мен бергі жағындағы қызметкерлер бұл мерекенің маңызын түсінеді.

Атаулы күнге орай Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық Қазақ академиялық музыка театрының директоры Мұхтар Ниязов маңызды мерекенің мәнін мазмұндап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

– Бүгін театр саласы үшін дәстүрлі мереке. Ұжым болып асыға күтетін күн. Жан-жағымызды түгендеп, айналамызды бүтіндеп, өткенге көз тастап, болашағымызды саралап алатын театр саласының мерекесі. Біздің театрда болған әр туынды көрермен қауымның көз алдында. 2023 жылдың алғашқы қойылымы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына орай «Жәмилә» драмасының премьерасы көрерменге ұсынылды. Театр әлемінде Көрұғлыдай тау тұлға бейнесі алғаш рет Сыр сахнасында қойылды. Сондай-ақ, Театр сахнасында алғаш рет моноспектакль қойылды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Үсен Рамазанның режиссерлік қолтаңбасымен Ахмет Ақмоншақтың «Шырмауық» психодрамалық моноспектаклінің премьерасы өтті. Алдағы уақытта да өнерсүйер қауым үшін жаңа спектакльдер қойылатын болады, – деді Мұхтар Мәуленұлы.

Театрда сахналанатын әр қойылымда режиссердің өз қолтаңбасы болады. Басы, ортасы, аяғы бар дүниені қалыптастыру, қиялына қанат бітіру режиссердің еселі еңбегі екені сөзсіз.

– Театр өнері нақты пайда табуға бағытталған сала емес. Тазалықты, шынайылықты талап ететін ерекше дүние. Дүйім жұрттың алдында белгілі бір рөлді сомдап шығу үлкен жауапкершілік. Бізде қазір жастар да бар, оларға бағыт-бағдар беретін орта буын да бар. Барлығы да осы бір өнерге адал болып, ел-халықтың алдында жоғары деңгей көрсетуде. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей ізімізді басып келе жатқан жастардың әр жетістігіне тілекші болып, қуанып отырамыз, – деді Хұсейін Әмір-Темір Жүсіпұлы.

Театр ұжымы көрерменнің жүрегіне жол тартатын талай туынды үшін тынбай еңбек етеді. Жасалған жемісті жұмыстың арқасында жетістікке жетіп жатқандары қаншама.

Айта кету керек, театр ұжымы Ақтөбе қаласында өткен Т.Жүргеновтің 125 жылдығына арналған VI Халықаралық «BALAUSA» экспериментальді спектакльдер фестиваліне Ш.Айтматовтың «Жәмилә» драмасымен қатысып, «Үздік сценография» номинациясымен спектакльдің суретшісі Нұркен Қалымбетов марапатталды. Сонымен қатар, араға 17 жыл салып Алматы қаласына гастрольдік сапармен барып қайтты.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникпциялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<