Не нәрсе қат болса соның бағасы шарықтай жөнелетін әдесі емес пе? Еліміздің кейбір өңірлері пияз тапшылығы бойынша «қызыл аймаққа» кірді. Соңғы бірер апта көлемінде пияз бағасы 300 теңгеге дейін көтерілді. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жағдайға түсінік бергенде «Бұл қысқа мерзімді өсімге байланысты дүрбелең» деп, бір ғана Түркістан облысының әлеуеті республика халқын пиязбен толық қамтамасыз етуге жететінін айтқан болатын.
Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында жиі жәрмеңкелер ұйымдастырылып тұрады. Онда әкелінген азық-түлік өнімдерінің бағасы нарықтан әлдеқайда төмен бағада халыққа ұсынылуда. Кеше облысқа әлеуметтік маңыздағы өнімнің бірі – пияздың 120 тоннасы әкелінді. Бұл өнімдер 13 ірі сауда орталығы мен 36 әлеуметтік дүкенге таратылып жатыр. Пияз бағасы – 95 теңге.
– Бұдан бөлек, қосымша 300 тонна пияз өнімін сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 977 тонна азық-түлік өнімі бар. Оның ішінде картоп – 268 тонна, қант – 27 тонна, сәбіз – 82 тоннадан аса, пияз – 127 тонна, макарон өнімдері – 55 тонна, қарақұмық – 57 тонна, – деді өңірлік тұрақтандыру қорының басшысы Талғат Бекішов.
Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұруы үшін тиісті тапсырмалар беріліп, қажетті шаралар атқарылуда. Жалпы маусымаралық кезеңде өңірлік тұрақтандыру қоры мен айналым қаражаты арқылы тікелей тауар өндірушілермен 9,8 мың тоннадан астам көкөніс өнімдеріне форвардтық келісім жасалып, қажеттілігіне қарай кезең-кезеңімен жеткізіледі. Жыл басынан облыс тұрғындарын арзан бағада азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында «Байқоңыр ӘКК» АҚ»-ның ұйымдастыруымен апта сайын жәрмеңкелер өтіп жатыр.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<