Қазір елімізде 7 миллионға жуық бала бар, бұл – халықтың 34 пайызы. Жыл өткен сайын балалардың әл-ауқаты мен құқықтарын қорғауға бағытталған мемлекеттік бастамалар, әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Жоба аясында жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысынан түскен қаржының бір бөлігі 18 жасқа дейінгі барлық балалардың есепшотына түседі. Түскен қаражат оқу ақысын төлеуге және тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалады.
Бұдан бөлек «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 120-ға жуық әлеуметтік жобаны жүзеге асырады. Елімізде орта білім беру тегін. Бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен, 1-11 сынып оқушылары тегін оқулықпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ балалар мен отбасыларды қолдауға бағытталған көмектің 49 түрін қамтитын әлеуметтік жүйе жұмыс істейді. Жалпыға бірдей білім беру қорының қаржысына балаларға көмек көрсетіледі. Кейінгі жылдары балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге негізделген 10 негізгі заң қабылданды.
Жақында Оқу-ағарту министрі Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын таныстырды. Министрдің айтуынша, тұжырымдама бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және бейінді министрліктермен бірлесіп дайындалған әрі балалардың құқықтарын қорғау саласында қабылданатын шаралардың дәйектілігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Ол қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау, отбасы құқығы және әлеуметтік қорғау сынды салалардағы балалардың құқықтары қарастырылған төрт негізгі бағытты қамтиды. Тиімділікті бағалау үшін 10 индикатор, ал жүзеге асыру үшін 158 іс-шара көзделген. Қаржыландырудың жалпы көлемі – 1,3 трлн теңге.
Сондай-ақ тұжырымдама шеңберінде «Заң мен тәртіп» идеологемасын кеңінен тарату, мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, балаларды «Адал азамат» рухында тәрбиелеу, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек кабинеттерін ашу, психологиялық диагностикалық бірыңғай цифрлық платформасын құру, қадағалауды талап ететін балаларды тәлімгерлермен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Буллингті анықтау үшін бейнебақылау камераларына ЖИ технологияларын енгізу, құқыққа қайшы контентті жоймағаны үшін интернет-платформалардың жауапкершілігін күшейту және т.б. қарастырылған.
– «Қауіпсіздік» бағыты бойынша қазіргі жағдайды ескере отырып, жұмыс жандандырылады. Ең алдымен, «Адал азамат» бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп» принципін кеңейту көзделіп отыр. Бұл әрбір баланың өмірі, оқуы және дамуы үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеді. «Таза Қазақстан» акциясы балаларды тәрбиелеудің идеологиялық платформасы ретінде негізге алынады. Бүгінгі күні елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді, барлық мектепте қауіпсіздік сабақтары мен «111» байланыс орталықтары енгізілген, – деді министр Жұлдыз Сүлейменова.
Балаларға жан-жақты қамқорлық жасау мемлекеттің басты басымдықтарының бірі саналады. Осы ретте тұжырымдаманы бекіту барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, тұжырымдамадағы барлық іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуын тапсырды. Бұған қоса бала құқықтары жөніндегі уәкілмен тиімді өзара іс-қимылды жолға қою керек. Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру бойынша ақпараттық науқанды ұйымдастырып, жоспарланған іс-шаралар мен олардың орындалуы туралы халықты ашық әрі түсінікті жолмен хабардар ету қажет.
Облыста осы бағытта жүзеге асырылатын іс-шараларға жергілікті бюджеттен қаржы бөлу жоспарланған. Бүгінде жоспардағы жұмыстар басталды. Балалардың құқықтарын қорғау саласында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшелер құрылды. «Отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығы» ашылды. Қызылорда қаласы мен барлық ауданда 8 «Отбасын қолдау орталығы» құрылып, жұмыс жасауда.
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жаңғыртылып, қызметтік автокөліктері 100 пайыз жаңартылды.
Білім беру ұйымдарына 100 пайыз бейнебақылау камералары орнатылып, жасанды интеллект технологияларын енгізу мақсатында 480 млн теңге қаржы бөлінеді. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыру көлемі жыл сайын ұлғайып келеді.
Балалардың мүмкіндіктерін ерте анықтау, сапалы оңалту арқылы толыққанды өмір сүруге бейімдеу үшін білім саласында 3 оңалту орталығы ашылды. Денсаулық сақтау саласында да 2022 жылдан бері 3 оңалту орталығының жұмысы жолға қойылған. Міне, бұл – қолға алынған жұмыстың көрінісі. Алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Жалпы, балалар мүддесі мен құқықтарын өз бетінше қорғай алмайтын осал топ саналады. Сол себепті ана мен бала құқығын қорғау еліміздің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының біріне айналды.
Болашақта да баланың қауіпсіз, бақытты өмір сүруі үшін қажетті шаралар қабылдана берері сөзсіз.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»






