Бұл – Желтоқсан көшесі

757

0

Зейініңмен көрсең біраз зерделеп,
Тарихтан айтам аз-кем мен дерек.
Тәуелсіздік ақ сүтіндей ананың,
Қандай бақыт! Қандай биік тең келед(і).
Желтоқсан оқиғасы тәуелсіздіктің қастерлі құндылығын айғақтаған ақтаңдақ кезең. Осынау орны ерек оқиға ел жадынан өшпек емес. Облыс орталығындағы «Желтоқсан көшесі ел егемендігі жолында ерліктерімен есте қалған желтоқсаншы жастарға арналған құрмет белгісіндей.
Желтоқсан көшесі қала орталығындағы ең үлкен көшелердің біріне саналады. Евразия спорт кешені, «Қайсар» футбол клубы, қалалық су шаруашылығы бөлімі, жеке кәсіпкерлік нысандар. Қала әкімдігі ғимараты мен орталық алаң бәрі-бәрі жіпке тізген түймедей осы көше бойына орналасқан. Барлығы шаһар шырайына әр беріп, сәулетіне сән қосқандай.
Жалпы желтоқсан көшесі еліміздің әрбір өңірінде, қала, аудан орталықтарында да бар. Бұл желтоқсаншы жастарға жасалған ізгілік ілтипаты секілді.
– Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы уақыт өткен сайын тереңдей түспек. Сонау 1986 жыл күллі қазақ жұртының арманы орындалған күн. Бұл көтерілістің негізгі қозғаушы күші жастар болды. Олар алаңға саналы түрде шықты. Бұл жайт қазақтың ұлттық санасының оянғанының көрінісі. Желтоқсан тарихымызда орны бар құбылыстың бірі. Олардың ерлік істері халық жадында мәңгілік сақталады. Мына көше соның бір айғағы секілді сезіледі. Осы көшеден өткен әр адамның жадында Желтоқсан оқиғасы жаңғырып тұрмақ, – дейді қала тұрғыны Гүлназ Мусағалиева.
Тәуелсіздік ұғымы аса қастерлі кие. Желтоқсан оқиғасы – ұлт рухының биік белесі. Желтоқсан көшесі – жалынды жастардың ерлік белгісі.


Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ,