БҰҰ агенттігі Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуді тоқтатады

184

0

Фото: БАПОР

БАПОР көліктерді жиі тонау, ұрлау және өлтірілген қызметкерлердің «бұрын-соңды болмаған санына» байланысты Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуді тоқтата тұратынын жариялады, деп жазады DW.

БҰҰ Таяу Шығыстағы Палестиналық босқындарға көмек және жұмыс жөніндегі агенттігі (БАПОР) тонау мен көлік ұрлау оқиғаларының көбеюіне байланысты Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуді тоқтату туралы шешім қабылдады.

Ведомствоның хабарлауынша, 16 қарашада гуманитарлық жүк тиелген жүк көліктері кортежін қарулы топтар басып алған. 30 қарашада дәл осындай оқиға болды: азық-түлік тасымалдайтын бірнеше көлік ұрланған.

– Гуманитарлық қызметкерлер мен жеткізілімдерді қорғау жауапкершілігі оккупациялаушы держава ретінде Израильге жүктеледі. Олар Газа секторына көмектің қауіпсіз жеткізілімін қамтамасыз етуі керек, – деп атап өтті ұйым.

Агенттік өкілі Луиз Уотеридж Аль-Жазираға Израильден Газа секторына гуманитарлық жүктердің негізгі кіру нүктесі Керем Шалом өткелі арқылы көмек жеткізу кезінде «көптеген әріптестер қаза тапқанын» айтты.

– Бұл шешім тек осы конвойларға қызмет көрсететін гуманитарлық қызметкерлердің қауіпсіздігін қорғау және қамтамасыз ету үшін қабылданды, – деді Уотеридж.

БАПОР басшысы Филипп Лаззарини гуманитарлық көмектің тоқтатылуы Газа секторындағы жағдай мүлде төмендеп кеткен кезде жасалғанын айтты. Ол Газа секторына гуманитарлық жүктерді жеткізу мүмкін еместігі «Израиль билігінің кедергілерінен» екенін атап өтті.

Бұған дейін Израиль Біріккен Ұлттар Ұйымына 1967 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ-ның негізгі ұйымымен (БАПОР) қарым-қатынасын реттейтін келісімнің тоқтатылғаны туралы ресми түрде хабардар етті.

Халықаралық қауымдастық БАПОР-дың орнына баламалы гуманитарлық агенттік құру туралы жоспарсыз қабылданған заңнамаға алаңдаушылық білдірді.

Израиль Газа секторын бомбалауды күшейтіп, соққылардан 42 адам қаза тапқанын жазған болатынбыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<