2025 жылдың қорытындысы бойынша 16 805 этникалық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 164,8 мың этникалық қазақ оралды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, Қазақстанға келген қандастардың 44,5%-ы Өзбекстаннан, 44,1% – Қытайдан, 4% – Түрікменстаннан, 3% – Монғолиядан, 2,5% – Ресейден және 1,9% – басқа елдерден.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,4%, еңбекке қабілетті жастан кіші 34% және зейнеткерлер 8,6% болды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15%-ы жоғары білімді, 27,5%-ы орта кәсіби білімді, 51,2%-ы жалпы орта білімді, және 6,3%-ының білімі жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңіріне қоныстанды.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
2025 жылдың қорытындысы бойынша қоныстандыру өңірлерінде 2 309 қандас қоныс аударды, бұл 2025 жылға бекітілген квотаға сәйкес келеді.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
2025 жылы 1 834 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 428 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды.
Сонымен қатар тұрғын үй сатып алу және салу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Өткен жылы аталған сертификатты 586 отбасы алды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап экономикалық ұтқырлық сертификатының мөлшері 1 625 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Айта кетейік, Сенат қандастарға әлеуметтік қолдау көрсететін құжатты мақұлдады.






