Бюджет қаржысын бақылауға болады

220

0

Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын анықтау және жою мақсатында 6 мемлекеттік органда жүргізілген талдау нәтижесінде құқық бұзушылық жасау­ға ықпал ететін 53 фактор анықталып, оның 45-і жойылды. Қоғамда парасаттық қағидаларын енгізу мақсатында «Адал ұрпақ», «Ақмешіт – адалдық алаңы», «Адал жол», «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» «Sanaly urpaq» жобалары жүзеге асырылды.
Осы және өзге де мәліметтер өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды. Онда ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс­тағы департамент басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов агенттіктің негізгі бағыттарына тоқталды.
– Осы жылдың 13 маусымында бұрынғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы енді агенттік болып қайта құрылды. Агенттік бірегей құқық қорғау органы болып табылады. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы барлық құқық бұзушылықтың тенденциясын анықтау, әшкерелеу, алдын алу мәселелерін қамтиды. Өздеріңіз көріп отыр­ғандай, агенттіктің жаңа коммуникативтік фирмалық стилі қалыптасты. Негізгі бағыты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда ұстанған құндылықтарының бірі – әділдік, парасаттылық, сенім. Құрамында 3 департамент бар. Осы басымдықтарға сәйкес, қазір көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Әсіресе, парасаттылық бағытындағы жасалған жобаларды айтуға болады. Бүгінгі таңда облыс­тың ашық бюджеттік интерактивті картасының жобасы іске асырылуда. Қазірге дейін 702 мекеме өздерінің бюджеттерін жариялап үлгерді. Картадағы барлық мәліметтермен кез келген адамның танысуына  және оны бақылауына мүмкіндік бар. Бұл картаның бір ерекшелігі – кері байланыс қамтамасыз етілген. Азаматтар картаны көру арқылы әлеуметтік бағдарламаларға сәйкес пікірлерін қалдыра алады. Мысалы, қаланың не облыстың картасы тұтастай көрініп тұрады. Сол жерден белгілі бір ауданға кірсеңіз, кез келген мекеменің бюджетін, олардың қайда, қалай жұмсалғанын біле аласыз­дар, – деді Б.Ниязов.
Бұдан кейін арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Наталья Мишукова жыл басынан бері атқарылған жұмыс­тарға талдау жасады.
– Облыста арнайы мониторинг топ мүшелерінің қатысуымен жоспардан тыс 7 отырыс өткізіліп, нәтижесінде 18 ұсыныс берілді. Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеті базасындағы магистратура білім беру бағдарламалары бойынша кешенді тестілеуге қатысып, мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шаралары жүргізілді. Онда  601 үміткердің 588-і қатысып, тестілеуге кіргізу кезде 437 ұялы телефон алынып, 38 үміткердің тыйым салынған заттарды қолданғаны анықталып, аудиториядан шығарылды. «Адал жол» жобасы аясында 14 рейдтік шара нәтижесінде пойызға билетсіз мінген 24 жолаушы анықталып, жолсеріктерге қатысты 20 әкімшілік құқық бұзушылық, әртүрлі 149 кемшілік анықталды. Көптеген автокөлік иесінің техникалық байқаудан өтпей, жалған құжатты сатып алып, пайдаланып жүрген деректер мәлім болды.  Мысалы, өткен жылы 142189 автокөлік тіркелген болса, оның 20106 жаңа автокөлік, яғни техникалық байқаудан өтуге міндетті емес. Ал тексеруден өтуге тиіс 54413 автокөлік не себептен байқаудан өтпей жүргені немесе жалған техникалық байқаудан өтіп, жалған құжатпен жүргендер жайлы күмән тудыратын мәселелер полиция департаментіне және көліктік бақылау инспекциясына ұсыныс жолданды, – деді.
Облыстық арнайы мониторингтік топ 15 адамнан құралған. Онда азаматтық ұйым, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, жеке кәсіпкерлер мен блогерлер жасақталған.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<