Cерік Қожаниязов ЖЭО жұмысымен танысты

331

0

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов жылу беру нысандарын аралап, алдағы жауапты маусымға дайындық барысымен танысты.

«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК өткен жылу беру кезеңінде штаттық режимде, кедергіз жұмыс атқарды. Алдағы жылу маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу кестесі бекітілді. Кәсіпорын өз қаражаты есебінен БКЗ-220, КЕ-25 типті бу қазандықтарын күрделі жөндеуді, бу турбинасын ағымдағы жөндеуді жоспарлап, жұмыс басталды.

Кәсіпорынның 2 газтурбиналық қондырғысын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бүгінде мемлекеттік сатып алу процедуралары аяқталып, келісім-шарт жасалуда.

Жалпы облыс бойынша 208 шақырым жылу желілері бар, оның 47%-ның тозығы жеткен. Тозу деңгейін төмендету үшін биыл республикалық бюджеттен 8 жобаға қаржы бөлінді. Оның 2-уі бойынша жұмыс жүргізілуде, қалған жобалар бойынша келісім-шарт жасалып, жұмыс басталуда. Сондай-ақ, облыстық бюджет есебінен жылу желілерін техникалық зерттеу жүргізілуде.

Кәсіпорын жұмысымен танысқаннан кейін Серік Салауатұлы жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылуын, алдағы жылу беру маусымына дайындықты қатаң қадағалауды тапсырды.

Еске салсақ, Қызылорда қаласында құны 215 млрд. теңгені құрайтын, қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу электр станциясын салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. «Акса Энерджи Уретим Аноним Ширкети» компаниясының Қызылорда қаласында филиалы ашылды. Қазіргі уақытта жоба-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Бас жобалаушы болып швейцариялық «AFRY» компаниясы таңдалды. Бүгінде компания жерді тегістеп, инженерлік-геодезиялық жұмыстарды, қондырғы өндірушілермен келісім-шарттар жасауда. Жобаны аяқтау мерзімі – 2025 жыл.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<