ӘЧ-2018: Бразилия соңғы минутта соғылған екі голдың арқасында жеңді

270

0

ӘЧ-2018: Бразилия соңғы минутта соғылған екі голдың арқасында жеңді Бүгін фтболдан әлем біріншілігінде Е тобындағы Бразилия құрамасы Коста-Рикамен кездесіп, қарсыласын 2:0 есебімен жеңді. Қос гол да тоқсан минут түгесіліп, төреші қосқан 6-минут ішінде соғылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос құрама бұған дейін 11 мәрте кездесті. Бұл ойындардың 9-ы бразилиялық құраманың жеңісімен аяқталды, 2-де коста-рикалықтар басым түсті. Алғашқы кездесу 1956 жылы 13 наурызда өтті. Пан американ ойындарында кездескен қос құрама жекпе-жегінде бразилиялықтар қарсыластарын тас-талқан етіп ұтты. Есеп 7:1. 1960 жылы Коста-Рика есе қайтарды. Төрт жылдан кейін аталмыш бәсекеде жолы түйіскен қос құрама бәсекесінде Солтүстік Америка құрлығының өкілдері 3:0 есебімен жеңді. Олар 1995 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Корей кубогында да аталмыш қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Қалған кездесудің барлығы Бразилия құрамасының жеңісімен аяқталды.

Жалпы, әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде қос құрама бұдан бұрын екі мәрте кездескен. 1990 жылы Италияның Турин қаласындағы жасыл алаң төріндегі тартыста Бразилия Коста-Риканы 1:0 есебімен жеңді. Ал 2002 жылы Оңтүстік Кореяның Сувон қаласындағы стадионда шеберлік байқасқан құрамалар арасында Бразилияның мерейі үстем болды. Онда әлемнің 5 дүркін чемпиондары 4:2 есебімен жеңген еді. Бразилия Коста-Рика қақпасына 32 доп соқса, қостарикалықтар оған 11 доппен жауап қайырды.

Бразилия биылғы біріншілікті сәтті бастады деп айта алмаймыз. Алғашқы турда Швейцариямен 1:1 есебімен тең ойнады. Сондықтан олар бұрыннан сыралғы қарсыласы – Коста-Рикамен кездесуде жеңіске жетуге бекініп шықты. Біз бұдан бұрын «Бразилия Аргентинаның кебін кие ме» деген ойымызды білдірген едік.

Пентакампеондар бұл жолы жеңіске жете алмаса, жарысты жалғастыруы қиындай түседі. Өйткені, 21 маусымда өткен Аргентина мен Хорватия кездесуінде Месси және оның командасы қарсыласынан 0:3 есебімен жеңіліп, турнир кестесіндегі жағдайынқиындатып алған еді.

Бірінші кезеңде Бразилия толассыз шабуылға арқа сүйеді. Құрама сапындағы жұлдыздар оң қанаттан да, сол қанаттан да Коста-Рика қақпасына қауіпті сәттер төндірді. Алғашқы кезеңде допқа иелік ету жөнінен Бразилияның көрсеткіші 64 % болды. Қақпаға 7 мәрте тура соққы бағыттады. Бұл жөнінен Коста-Риканың көрсеткіші төмен болды. Олар негізінен қарсыластың құрама шабуылына тойтарыс беріп отырды.

Екінші кезең де дәл осылай өрбіді. Бразилиялықтар шабуылға костарикалықтар қорғанысқа көңіл бөлді. Бразилия шабуылшысы Неймар қарсылас құрама қақпасы алдында Коста-Рика қорғаушысы шалып жықты деген желеумен құлады. Бұл сәтті төреші VAR әдісі арқылы анықтауға тырысты. Дегенмен бейнеқайталаудан кейін пенальти белгіленбейтін болды. Тоқсан минут түгесіліп, төреші қосымша 6 минут қосты. Бразилиялықтар көп күткен гол да соғылды. Бұл 91-минут болатын. Оны Коутиньо қақпаға соқты. Ал 96-минутта Неймар екінші голды соғып, өз жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Есеп 2:0.

Бразилия жеңіске жетті. Тағы бір сенсация осылайша орын алған жоқ. Бүгін тағы да екі ойын болады. Е тобында Сербия мен Швейцария құрамалары («Qazaqstan». 00.00) кездеседі. Ал D тобында Нигерия мен Исландия («Qazaqstan». 21.00) өзара шеберлік байқасады.

Бұл топтағы келесі тур ойындары 27 маусымда өтеді. Сол күні Сербия мен Бразилия, Исландия мен Коста-Рика кездеседі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<