Цифрлық қызмет: Жоғары сапа жауапкершілігі

7

0

Фото: облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен жоғары сапалы цифрлық қызметтерді ұсыну, инфрақұрылымды дамыту, бизнесті трансформациялау арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесі талқыланған жиын өтті.

Оған «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин, жетекші сала басшылары қатысты.

Жиында облыс әкімдігі мен «Қазақтелеком» акционерлік қо­ғамы арасында өзара ынты­мақ­тастық туралы меморандумға қол қойылды. Аймақ басшысы бірле­сіп атқарылатын жұмыстарға тоқ­та­лып, алдағы жоспарларды бөлісті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жасан­ды интеллектіні дамыту, бұл – ұран емес, бұл экономикалық идео­логия­ның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идео­логиямыздың мыз­ғымас тұғыры болуға тиіс» деп атап өтті. Жасанды интеллект негізінде цифрлан­дыру­дың басты міндеттерін орындауды тапсырды. Олар – еңбек өнімділігін арттыру, экономиканың экспортқа бағдар­ланған сектор­ларын қалып­тастыру, қосылған құны жоғары өнім шы­ғару, Қазақстанды жаһан­дық цифр­­лық экономика қатарына енгізу.

Осы мақсатта 2023 жылдан бері Қорқыт ата атындағы универ­ситет базасында Сеул ұлттық ғылым және технология универ­ситетімен (SeoulTech) бірлесіп Қазақстандағы ал­ғашқы Жасанды интеллект инсти­туты ашылды. Бүгінде институтта 240 студент білім алуда, оның 200-і бірлескен білім беру, 40-ы қос дипломды бағдарламаларда оқиды.

Өңірдегі 21 медициналық ұйым­ға жасанды интеллект арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға радиологиялық зерт­теудің орталықтандыру тех­ноло­гиясы енгізілуде. Бұл мақ­сатқа бюджеттен 3 млрд 175 млн теңге бөлінген, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, ҚР Бас про­куратурасының бастамасымен қолға алынған «Цифрлық қада­ғалау» пилот­тық жобасына өңір­лерден бірінші болып Қызылорда облысы қатысуда. Жедел әрекет ету орта­лығының «109 – Бірыңғай байланыс орталығы», «112 – Бірыңғай кезек­шілік-диспетчерлік қызметі» ақпараттық жүйелерімен интеграция жүргізілді. Қаңтар айында 10 пилот­сыз ұшу аппа­ратын жалға алуға қаражат бөлінді.

Бүгінде облыстағы 223 елді ме­кеннің 140-ы талшықты-оптика­лық байланыс желісімен қамтыл­ған, 5G технологиясының 148 нүктесі іске қосылған.