Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі CIS Халықаралық мектептер кеңесінің аккредиттеуінен қайта өтуде.
Мектеп өмірі мен оқу үдерісін ұйымдастырудың халықаралық стандарттарға сәйкестігін бағалау үшін Сыр өңіріндегі NIS-ке Германия, Канада, Италия, Катар және еліміздегі халықаралық мектептерінен сарапшылар келді.
Қауымдастық мүшелері CIS командасын қазақтың салт-дәстүрлерімен қарсы алып, мектепті таныстырды. Шетелдік сарапшылар нано, биотехнология кабинеттері мен NIS Engineering орталығында болып, оқушылардың ғылыми жобалары мен IT саласындағы өнертабыстарын тамашалады. Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған ұлттық ойындар сайысына қатысып, этнокөрмеде әртүрлі ұлттардың мәдениетімен танысты.
Жоспар бойынша апта бойы комиссия мүшелері оқушылармен, ата-аналармен және жұмыс топтарымен әңгіме жүргізіп, «Мақсаттар мен бағыттар», «Басқару және көшбасшылық», «Оқу бағдарламасы», «Оқыту және бағалау», «Оқу және оқушылар саулығы», «Қызметкерлер құрамы», «Мектеп аумағы және материалдық-техникалық база», «Қоғаммен және жанұямен серіктестік», «Интернат» стандарттарының өкілдерімен сұхбаттасатын болады. Сонымен қатар сабақтарға, үйірме, спорттық секцияларға қатысып, тәрбиелік жобалардың жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізеді.
Айта кетейік, Қызылордағы NIS 2018 жылы Халықаралық мектептер кеңесінің аккредиттеу сертификатын алған болатын.
Халықаралық мектептер кеңесі (CIS) – білім саласындағы соңғы жаңалықтар мен жоғарғы стандарттарды одан әрі ілгерілету үшін құрылған әлемдегі танымал ұйымдардың бірі. Бүгінгі таңда оның құрамына әлемнің жүздеген мемлекеттен 911 мектеп пен 622 университет енген.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<