Дәрігер тоқ ұрып, жүрегі тоқтап қалған жасөспірімді ажалдан арашалап қалды

1576

0

Қызылордада 17 жастағы тұрғын аулада жұмыс жасап жүріп, абайсызда тоққа түскен. Жасөспірімнің анасы дереу көршілерін көмекке шақырып, баласын ажалдан арашалап қалуға ұмтылған. Абырой болғанда, жақын маңда облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігер-реанимотологы Алмат Қаппарұлы табылып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Ол электр тоғының соққысынан жүрегі тоқтап қалған жігітті өлім аузынан аман алып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оқыс оқиға кешкілік уақытта болған. Жұмыстан кейін үйіне келген, Алмат Қаппарұлына танысы телефон шалып, шұғыл көмекке келуін өтінеді. Дәрігер жақын маңдағы көршісіне барғанда, аулада ес-түссіз жатқан жасөспірімді көреді. Тексере келе жігіттің пульсі жоқ екенін, жүрегі тоқтап қалғанын аңғарады. Соған қарамастан жүрегіне массаж жасап, алғашқы медициналық көмекті көрсетеді. Осы уақытта жедел-жәрдем қызметкерлері де келіп, науқасқа жәрдем жасауға асығады.

– Дәл сол мезетте әрбір секунд маңызды болды. Анасының шырқырап жылағаны жаныма қатты батты. Күнде көз алдымда жүретін баладан айырылып қалудан қорықтым. Жедел-жәрдем қызметкерлерінен дереу дефибриллятор әкелуін сұрадым. Мамандардың жұмысын өзім басқардым. Фельдшер көк тамырға катетр салды, мейірбике адреналин екті, арнайы құрылғымен дем бердік. Жүрекке массаж жасауды тоқтатқан жоқпыз. Қуаттылығы 150 кДж болатын тоқ берілді, сол сәтте алақаныммен жүректің қайта соққанын сезіндім. Қуанғанымнан көзімнен жас ытқып кетті», – дейді дәрігер.

Осыдан кейін жедел-жәрдем қызметкерлері жасөспірімді шұғыл түрде Қызылорда қалалық ауруханасына жеткізді. Қабылдау бөлімінің дәрігерлер жансақтау бөлімінде тиісті ем-шараларын жасап, 17 жасар жігітті ажалдан арашалап қалды. Бүгінде Дінмұхаммедтің жағдайы жақсы.

– Мен бұл оқиғаны ешқашан ұмытпаймын. Көз алдымда бауыр етім баламнан айырылып қала жаздадым. Алмат болмағанда, жағдайдың қалай болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Ол нағыз – білікті маман, антына адал дәрігер! Дәрігердің білімі мен тәжірибесінің арқасында ұлымды қайтадан құшағыма алып, мейірленіп иіскедім. Ақхалаттыларға мың алғыс, – дейді жасөспірімнің анасы Лаура Ахметова.

Алмат Қаппарұлы болса, өзін «батыр» санамайтынын айтады. Дәрігер-реанимотолог күнделікті міндетімді атқардым деп қысқа қайырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<