Кеше 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында дәстүрлі ши тоқу шебері Зылиха Календер мен этнодизайнер Алдахияр Халендеровтың «Қойнауы тарихқа толы Сыр елі» атты бірлескен көрмесі өтті.
Шараға қолөнер шеберлері, суретшілер, оқытушылар, ЖОО студенттері мен жас шеберлер қатысты.
Көрмеге ұлттық өнерді дәріптеп жүрген өнер иелерінің түрлі тақырыптағы шығармашылық туындылары қойылды.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев, Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, ҚР Қолөнершілер одағы облыстық филиалының өкілі Бекзат Жақыпов көрменің маңыздылығы туралы айтып, шығармашылық иелеріне сәттілік тіледі.
Ал көрме авторлары жеке туындыларының тарихына, мәні мен мағынасына тоқталып, шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Зылиха Календер Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, «Ұлттық өнер – ұлттық байлық», «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестивальдарының қатысушысы. Көне ши тоқу өнерін дәріптеп, кейінгі буынға насихаттап келеді. Түрлі байқауларға қатысып, еңбегі жоғары бағаланды. Шеберлік сабақтарын тұрақты ұйымдастырып тұрады. Ол «Ұлы Жібек жолы бойындағы тоқыма және зергерлік өнер» халықаралық көрме-жәрмеңкесіне қатысып, «Тұран шебері» атанды. Бұдан бөлек, халықаралық қолөнершілер көрмесі мен фестивалінде ұлттық өнерді дәріптеп келеді.
Алдахияр Халендеров этнодизайнер әрі ұстаз, «Бабалар аманаты» этнографиялық дизайн одағының мүшесі. Сәндік-қолданбалы өнер жанрында терең мазмұнды, тарихи маңызы зор туындылар жасап, дәстүр мен жаңашылдықты шебер тоғыстырды. Сондай-ақ көптеген оқулық пен әдістемелік құралдың авторы ретінде білім мен өнер саласының дамуына өзіндік үлес қосты.
Көрмеде қатысушылар ұлттық қолөнердің түрлі үлгісімен танысып, тың туындыларға қызығушылық танытты.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





