Бүгін Сырдария ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан XXIII халықаралық турнирдің салтанатты түрде ашылуы өтті.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қоғам қайраткерінің өмір жолына етене тоқталып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.
Елеу Көшербаев – қазақ елінің экономикасын нығайтып, мәдениетін өркендетуге, ұлттық дәстүрді қызғыштай қорғап сақтауға, әсіресе Қызылорда облысының жан-жақты дамуына өзінің қажымас қызметі арқылы айрықша үлес қосқан қайраткер.
Халықаралық дәрежедегі өткізіліп жатқан спорттық шараға еліміздің барлық облыстарынан, қалаларынан және Шешенстан Республикасы, Грозный қаласының командаларының жалпы саны 22 команда 250 – ден астам спортшы қатысып, бақ сынауда. Төрт күнге жоспарланған жарыстың ойындары Тереңөзек кентіндегі дене шынықтыру – сауықтыру кешенінде өтуде.
Бүгінгі күнінің нәтижесімен жерлестеріміз Сырдария ауданының құрамасы Грозный құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, жарыс жолын сәтті бастады.





