Дала еркесіне дәніккендер қатаң жазаланады

285

0

Дала еркесіне дәніккендер қатаң   жазаланады Қарақұйрық – біздің өңіріміздің батыс беткейіндегі Қызылқұм жазығын мекендеген дала еркесі.

Кейінгі жиырма жыл шамасында қара­құйрықтың саны азайып, құрып ке­ту қаупі төнген соң Қазақстан Рес­пуб­ликасының «Қызыл кітабына» енгі­зілген. Осыған қа­ра­мастан, бұл жануарлардың обалын ойламайтындардың қаскөйлік әре­кеттері тоқтамай тұр.

Биыл көктемде «ОХОТЗООПРОМ» Қызылорда аумақтық инспекторлары Ғ.Саттыбаев, А.Маханбетжанов, Е.Үсен­баевтар аң-құсты қорғау шаралары ая­сын­да Шиелі ауданы тұрғындарының Қосүйеңкі ауылының тау беткейінен бір бас қарақұйрықты атып алғандығын анықтағанын баян еткен еді. Осы қаскөйлерге сот шешімімен екі жыл алты айға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, екі миллион төрт жүз мың шамасындағы залалды мемлекет пайдасына өтетіп, айғақ заттар ретіндегі автокөлік пен қарулары тәркіленді.

Бұл оқиға қаскөйлерге сабақ болмаған болуы керек, себебі 12 тамыз күні Жалағаш ауданына қарасты Желқазған деп аталатын далалық жерде астарына жол талғамайтын джип автокөлігін мінген Қызылорда облысының үш азаматы үш бас қарақұйрық аңын атып алды деген күдікпен құрықталып, Жалағаш аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілді, ҚР ҚК-нің 337-бабының 4-бөлігі 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалып тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар 2018 жылдың 11 қыркүйегі күні «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК  Қызылорда филиалының топ жетекшісі Р.Ибраев, инспекторлар Е.Раушанов, К.Нұрыл­даев жүргізген рейдтік іс-шара­лар барысында, Қазалы ауданындағы Қары­бай деп аталатын қыстауда екі бас қарақұйрық аңын сойып, терісін сыпырып жатқандар ұсталды. Бұл азаматтардың кінәсі дәлелденсе, келтірген он үш миллион теңгеден астам залалды өндіріп, өздері бес жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.

Табиғат тыныштығын ойрандайтын қаскөйлерге заң қатал.

 

Берік ЖОРАБЕКОВ, 

«ОХОТЗООПРОМ» Қызылорда аумақтық филиал басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<