Аймақ басшысының қолдауымен шаһарда жол құрылысы қарқын алып, басты жолдар мен көшелердің аясы кеңейтілуде, деп хабарлайды Syrboyi.kz. Байыпты бастамалардың бірі – Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылында жүргізілуде.
Бұл жоба 2024-2025 жылдарға жоспарланған, екі кезеңнен тұрады. Жолды кеңейту жұмыстары 27 тамыздан бастау алды. Жобаның бірінші кезеңі бойынша бюджеттен бөлінген қаржыға ұзындығы 6 711 метрді құрайтын даңғыл екі жолақтыдан төрт жолақтыға ауыстырылуда. Яғни, С. Бейбарыс көшесінен бастап Жастілек көшесіне дейінгі бөлігі кеңейтіліп, жобада қарастырылған 4 қабат асфальт жабынының 3 қабаты салынды. Соңғы мастика қоспасы бар асфальт қабаты биыл салынады. Жоба аясында Әбілқайырхан және Есенов көшелерінің аралығындағы Сырдария өзенінің бөгетін нығайту жұмыстары да қоса жүргізілуде. Жұмысты атқарушы «УАД» ЖШС.
Сондай-ақ, жобаның екінші кезеңі яғни, даңғылдың Әбілқайыр хан көшесінен бастап Саламатов көшесіне дейінгі бөлігіне жаңадан 4 жолақты жол құрылысын салу үшін жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жоба биыл жүзеге асырылады.
Айта кету керек, Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының қолданысқа берілгеніне 8 жыл өтті. Қала сыртын айналып өтетін осы даңғылдың бойында кептелістер көптеп орын алатыны жасырын емес. Осы жобаның нәтижесінде Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының бойындағы, сондай-ақ, «Ескі базар» аумағындағы көлік кептелісі түбегейлі шешіледі деп күтілуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<