Сурет: Kinopark-Kinoplexx Theatres
«Таптым-ау сені» романтикалық комедиясының кинотеатрлардан көрсетіле бастаған небәрі 10 күн ішінде миллиард теңгеден астам табыс түскен, деп хабарлайды Zakon.kz.
Фильмнің кассалық түсімі (1.12.2023-10.12.2023 жылдар аралығында) 1 100 000 000 теңгені құрады. Kinopark-Kinoplexx Theatres ірі кинотеатры өкілдерінің айтуынша, бұл – отандық прокат үшін бұрын-соңды болмаған жағдай. Қазақстандық фильм осындай қысқа мерзімде көңілге қонымды кассаға ие болған.
«Әдетте, фильмнің бюджеті қомақты болса немесе шетелде түсірілсе әрі премьерасы сәтті күнге жоспарланса ғана миллиардқа кеңелту мүмкіндігі жоғары деген ортамызда таптауырын пікір бар. Дариға Бадықова аталған факторлардың ешқайсысы фильмнің прокатына еш әсер етпейтінін дәлелдеп берді. Толықтай Қазақстанда түсірілген, бюджеті өте қарапайым «Таптым-ау сені» ромкомы 1 желтоқсанда прокатқа шығып, қысқа мерзімде миллиард теңгеден астам касса жинады. Әрине, киноны түсірушілер табысқа жетудің өзіндік формуласын тапқан», – дейді Kinopark-Kinoplexx театрларының өкілдері.
Фильмдегі басты рөлдерді Ochooou бүркеншік атымен көпшілікке танылған белгілі актер Олжас Абай және Дариға Бадықова сомдады. Бадықова фидьмнің продюсері де болып табылады.
Фильм желісі бойынша, Сәуле мен Жексен – бала кезден достар. Жексеннің әжесі Сәуледен үйленбей жүрген немересіне қыз тауып беруді сұрайды. Бұған келіскен Сәуле Жексенге бір шарт қояды: арадағы достық алда да өз жалғастығын табуы жайында. Ол өзіне ұнайтын қызды кезіктіріп, осы сәттен бастап өмірі өзгере бастайды. Жақсы киініп-сыланып, таранып, өз-өзіне қарап дегендей. Тіпті, Сәулемен де сирек кездесетін болады. Досына ашуланған Сәуле дәмхана қожайыны Юсуфты өзіне қаратып алады. Бір күні Жексен мен Сәуле ақыры ұрсысып тынады, сөйтіп арадағы достық қарым-қатынасқа дақ түседі. Әбден ашулы Жексен Алька есімді қызға үйленбекші болады…
Көрермендер оқиғаның қалай аяқталатынын кинотеатрлардан көре алады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<