Декларацияны тапсыруға үш күн қалды: 300 мың адамға айыппұл салынуы мүмкін

295

0

Фото: ашық дереккөзден

Сенат отырысынан кейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 270-формадағы декларацияға қатысты журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бізде уақытында тапсырылмаған декларация үшін санкция бар. Бірақ бірден айыппұл салмаймыз. Алдымен ескерту жасалады. Егер мемлекеттік кірістер органдарының талаптары қайта орындалмаса, біз айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 15 АЕК немесе 55 380 теңге көлемінде айыппұл салынады», – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, мұндай декларацияны барлығы 2,4 миллионға жуық адам тапсыруы керек. Бұл кәсіпкерлер мен олардың туыстары. Бүгінгі таңда 2,1 миллионға жуық адам құжат тапсырып үлгерген.

Айта кетейік, биыл 250.00 және 270.00 нысандары бойынша декларацияларды тапсырудың соңғы мерзімі 15 қыркүйекке келді. Ал бұл күн демалысқа келіп тұр. Сондықтан ол 2024 жылғы 16 қыркүйекке ауыстырылады.

Декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті», Электрондық үкімет» порталы, е-Salyq Azamat», «eGov mobile» қосымшалары және мобильді банкинг жүйелері арқылы тапсыруға болады.

Еске сала кетсек, декларация тапсыру процесі 2021 жылдың 1 қаңтарынан басталған еді. Сол тұста мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндер мен олардың жұбайлары салық есебін тапсыруға міндеттелген. Екінші кезеңі 2023 жылдың қаңтарынан жалғасты. Бұл уақытта мемлекеттік қызметкерлер, бюджет және квазимемлекеттік секторда істейтіндер мен жұбайлары тапсырған еді.

Ал үшінші кезеңі биылғы 1 қаңтардан басталды. 2024 жылдан бастап 250-нысан бойынша декларацияны бизнесмендер — басшылар, құрылтайшылар мен заңды тұлға қатысушылары мен жұбайлары, ЖК иелері мен жұбайлары тапсырады.

Қаржы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2024 жылы декларацияны 2,4 млн жеке тұлға табыстауы қажет. Жыл басынан бері олардың 46%-ы, 1,1 млн азамат декларация тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<