Кейінгі төрт жылда Сыр медицинасы тың серпінмен дамуда. Оған бірінен соң бірі салынып, ел игілігіне беріліп жатқан заманауи денсаулық сақтау нысандары мен алынып жатқан озық технологиялық құрал-жабдықтар, жасалып жатқан күрделі оталар куә.
Кейінгі 10 жылда 116 нысанның құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Оның ішінде, 2023-2025 жылдар аралығында 29 млрд 512 млн теңгеге 42 медициналық нысан салынып, тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы өңірде қарқынды жүзеге асуда. Ұлттық жоба аясында жалпы құны 10,7 млрд теңгені құрайтын 28 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріліп, халық игілігін көруде. Осылайша, 46 мыңнан астам ауыл тұрғыны медициналық көмекке уақытылы қолжетімділік пен 190 төсек-орын күндізгі стационарларда ем алуда.
Кейінгі төрт жылда 6 млрд теңгеге 24 нысанға күрделі жөндеу жүргізілсе, 1 млрд 200 млн теңгеге 44 денсаулық сақтау нысанының жылу жүйесі газға ауыстырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ғимараттардың тозуы 74,4 пайыздан 36,6 пайызға төмендеді.
Өңіріміздің денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға да баса назар аударылуда. Кейінгі төрт жылда денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 16 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды, оның ішінде КТ, МРТ, ангиограф сияқты ауыр техникалар бар. Аудандық ауруханалар КТ аппаратымен толығымен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылу деңгейі 2022 жылы 83,2 пайыздан бүгінде 90,2 пайызға жоғарылады.
Медицина ұйымдарының санитарлық автокөлік паркінің тозуы 85 пайызды құрап, өзекті мәселе болатын. Осы мәселені шешу үшін аймақ басшысының қолдауымен жергілікті бюджеттен бір мезетте 5,4 млрд теңге бөлініп, өңірдегі барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 225 санитарлық автокөлік алынып, медицина ұйымдарының автопаркі толығымен жаңартылды. Осылайша, елді мекендерде санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі түбегейлі шешілді.
Жаңақорған, Арал аудандарында «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы ашылды. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жанынан «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысының қолдауымен қаланың сол жағалауында 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүруде. Жоба құны – 36,4 млрд теңге. Нысан биыл пайдалануға беріледі.
Биыл Президент паркі жанынан 200 төсек-орынға арналған жаңа перинаталдық орталықтың, Сырдария өзенінің сол жағалауынан 500 келушіге арналған емхананың және Титов қыстағынан ауысымына 400 келушіге арналған № 5 қалалық емхана құрылыстарының іргетасы қаланды.
Салаға жасалып жатқан осындай қамқорлық текке кетпеді. Кейінгі жылдары аймақта жоғары технологиялық медициналық қызмет көлемі артып келеді. Мәселен, былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында Сыр медицинасының тарихында тұңғыш рет бір күнде үш науқастың ағзасы ауыстырылды. Алғашқы трансплантация 41 жастағы әйел адамға жасалды. Реципиенттің ағасы донор болып, бүйрегін берді. Екінші трансплантация 20 жастағы жігітке жасалып, донор ретінде науқастың 54 жастағы анасы қатысты. Ал үшінші пациент – 43 жастағы әйел, донор болған оның жұбайы. Трансплантацияны көпбейінді облыстық аурухананың бас дәрігері, трансплантолог, PhD Жасұлан Баймаханов, бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары, PhD Ербол Серікұлы және А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының трансплантологтары Ернұр Белгібаев, Елшат Нәбиев командасымен бірлесіп жасады.
Айта кету керек, оған дейін ауруханада 8 рет бүйрек, 1 рет бауыр алмастыру отасы сәтті аяқталды.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды.
Облыстың денсаулық сақтау саласындағы ауқымды жұмыстар – тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін жасалып жатқан игі бастамалар.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»






