Денсаулық сақтау мен білім: цифрлық бақылау жүйесі

5

0

Фото: Ақорда

Денсаулық сақтау саласында қазіргі таңда жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Аталған жүйелерді бір-бірімен толық байланыстырмау бюджеттік қаржыны жымқырудың негізгі себептерінің бірі болып отыр.

Президент атап өткендей, салалық министрлердің бақылауында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық әрекеттер орын алған. Бұл жағдай әлеуметтік салада да байқалуда. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасалғанына және оны кімдер жасырғанына қарамастан істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесі Мемлекет басшысының жеке бақылауында болады.

Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені құру тапсырылды. Бұл жүйе барлық үдерістерге бақылау жасап, олардың толық қадағалануы үшін жасалуы тиіс.

Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығы қамтамасыз етілуі қажет. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған құжат толтыру және деректерді бұрмалау жағдайлары анықталған. Президент бұл мәселені Ұлттық құрылтай отырысында арнайы көтерді.

Бас прокуратура мен құқық қорғау мекемелері барлық жымқыру әрекеттеріне қатысқан тұлғаларды заң тұрғысынан жауапқа тартуы тиіс.

Білім саласында да алаяқтық әрекеттер анықталған, заңды бұзған азаматтар міндетті түрде жазаға тартылуы қажет. Үкіметке жыл соңына дейін Қордың жұмысын толық цифрландыру тапсырылады. Бұл қадам арқылы жұмыс ашық жүргізіліп, қаржы тиімді жұмсалады.