Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов «Қамқорлық» ерте араласу орталығының және жұқпалы аурулар ауруханасының жұмысымен танысты.
Аймақта жыл сайын шамамен 20 мың нәресте дүниеге келеді, ал 18 жасқа дейінгі балалар саны 322 мыңға жетеді. Балаларды оңалту қызметінің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2022 жылы «Қамқорлық» орталығы ашылған болатын. Оған жергілікті бюджеттен 205,6 млн теңге бөлінді, ал «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қамқорлық» қорынан қаралған 103,4 млн теңгеге құрал-жабдықтар алынып, мамандар біліктілігін арттырды.

Орталық ашылған төрт жыл ішінде 6 000-ға жуық бала оңалту қызметін алды. Қозғалу, сөйлеу дағдыларын дамытып, әлеуметтік бейімделудің маңызды кезеңдерін сәтті аяқтады. Мұнда балаларға медициналық және педагогикалық көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, медициналық оңалту, емдік дене шынықтыру, физиотерапия, логопедиялық және дефектологиялық қолдау, сондай-ақ еңбек терапиясы.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы 2024 жылы кешенді күрделі жөндеуден өтіп, өткен жылдың соңында толықтай пайдалануға берілді. Күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге қаралды. Бүгінде жаңартылған бөлімшелер пациенттер мен медицина қызметкерлерінің жоғары бағасын алуда. Соңғы үш жылда аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 590 840 153 теңге қаржы бөлінген, 49 млн теңгеге 2 автокөлік сатып алынды.
Өткен жылы клиникалық фармакология және госпитальдық фармация бөлімшесі ашылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта физиотерапиялық емдеу бөлімшесін іске қосу және медицина қызметкерлерінің шетелде біліктілігін арттыру жоспарланған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






