Денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адами ресурстар департаменті жаңа уақыт белдеуінің қазақстандықтардың денсаулығына әсерін зерттеу туралы және қандай әдістер қолданылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Власть басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Зерттеу әдістеріне жаһандық заңдылықтарды анықтау үшін халықаралық деректерді талдап, өңірлердегі халықтан сауалнама жүргізіледі. Физиологиялық өзгерістерді бағалау үшін зертханалық және аспаптық әдістер жасалады. Сонымен қатар уақыт режимінің өзгеруі мен циркадтық ырғақ бұзылыстары арасындағы байланыстарды анықтау мақсатында медициналық деректерді талдау кіреді», – деп хабарлады ведомство.
Зерттеуге хронобиология, физиология, эпидемиология, психология және медицина салаларындағы жетекші мамандар тартылады деп жоспарланып отыр.
«Бұл уақыт белдеуінің өзгеруінің денсаулыққа әсер ету аспектілерінің кең ауқымын ескеруге мүмкіндік береді. Соның ішінде циркадтық ырғақтар, психикалық денсаулық, жүрек-қан тамырлары және эндокриндік аурулардың таралу деңгейі», – деп есептейді денсаулық сақтау министрлігі.
Департаменттің мәліметінше, министрлік бұрынғы уақыт белдеуіне оралу туралы петицияны қарау нәтижесінде осы зерттеуді жүргізуді ұсынған.
Сонымен қатар үкімет жанындағы жоғары ғылыми-техникалық комиссия ғылыми зерттеудің техникалық тапсырмасын үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді 19 қарашада мақұлдаған.
Министрлік зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың денсаулығына уақыт ауыстыру теріс әсер еткенін көрсетсе, бұрынғы уақыт белдеуіне оралу ұсыныла ма деген сұраққа жауап берген жоқ.
«Денсаулық сақтау министрлігінің міндеті – халық денсаулығына UTC+5 уақыт белдеуінің әсерін зерттеу. Уақыт белдеуін өзгерту туралы шешім қабылдау барлық әлеуметтік-экономикалық, ғылыми және қоғамдық факторларды кешенді бағалау негізінде қабылданады. Бұл денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне кірмейді», – деп түйіндеді ведомство.
Бұдан бөлек ғылым және жоғары білім министрлігі де басылымның сауалына жауап берген. Онда олар денсаулық министрлігінің баяндамасын негізге алады.
«Бұл мәселе кейбір өңірлерде азаматтардың психикалық және физикалық денсаулығының нашарлағаны туралы жаппай шағымдарды туғызды. Ғылыми зерттеудің салалық мемлекеттік орган үшін маңыздылығын ескере отырып, ұсыныстар жұмыс тобының талқылауынан өтіп, Қазақстан үкімет жанындағы жоғары ғылыми-техникалық комиссияға қарауға жіберілді. «Өмір және денсаулық туралы ғылым» басым бағыты бойынша 2025-2027 жылдарға жоспар мақұлданды», – деп толықтырды ғылым және жоғары білім министрлігі.
Министрлік ғылыми-техникалық тапсырмаларға арналған конкурстық құжаттаманы әзірлеп, бекітетінін хабарлады. Сонымен қатар республикалық бюджет комиссиясы шешімімен мақұлданған «қаражат шегінде» бағдарламалық-нысанаға конкурс жариялайтынын мәлімдеді.
Алайда зерттеуге қанша қаражат жұмсалатыны туралы министрлік нақты жауап берген жоқ. Тек «конкурсқа өтінім беру кезінде өтінім беруші зерттеуге қаржыландыру сомасын конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес өз бетінше көрсетеді» деп баяндады.
«Зерттеу бойынша конкурс өткізу кезінде қаржыландыру сомасын азайту бойынша баға беруге болады. Атап айтқанда, экономикалық сараптама жүргізу барысында немесе ұлттық ғылыми кеңестердің шешімімен жүзеге асырылады», – деп қосты министрлік.
Еске салайық, бұған дейін 19 қарашада Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді үкіметтің қолдағанын мәлімдеді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек уақыт белдеуінің ауысуының қазақстандықтарға әсерін зерттеуден бас тартпайтынын, оған шамамен 100 млн теңге бөлінетінін айтты. Алайда зерттеу нәтижесіне қарамастан, уақыт белдеуін өзгерту туралы шешім өзгермейді деп мәлімдеді. Зерттеу 2025 жылдың қаңтарынан басталып, негізгі бөлігі сол жылы аяқталады. 22 қарашада eGov mobile қосымшасында уақыт белдеуіне қатысты сауалнама пайда болды, бірақ бірнеше күннен кейін алынып тасталды. Сандық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, 200 мың адамнан жауап алынған соң, сауалнама аяқталған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<