Денсаулық сақтау құқығы – ҚР Конституциясымен кепілдендірілген негізгі құқық

9

0

Қазақстан адамдардың құқықтарын сақтауға, оның ішінде денсаулық құқығының қорғалу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған негізгі халықаралық келісімдермен құжаттардың қатысушысы болып табылады.

1948 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында денсаулық адамның лайықты өмір сүру деңгейіне құқығының бөлігі ретінде қарастырылған. Сондай-ақ денсаулық сақтау құқығы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіде танылған.

Еліміз өзін әлеуметтік мемлекет ретінде көрсете отырып, азаматтардың денсаулығын қорғауды басты құндылықтардың бірі ретінде қарастырады.  

Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабына сәйкес, азаматтардың денсаулығын сақтау құқығы мемлекет тарапынан кепілдендірілген негізгі құқық болып табылады. Бұл құқық аясында азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық қызметтерді алуға құқылы. Сондай-ақ, азаматтардың ауруына немесе басқа жағдайларына қарамастан, медициналық көмекті кемсітусіз алуға құқығы бар.

Бұл құқық «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекспен толықтырылып, реттеледі.

Ағымдағы жылдың 15 наурызында өткен республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында азаматтардың денсаулығын сақтауға және медициналық көмек алуға конституциялық құқықтарын нығайту көзделген.      

Жаңа Конституцияға сәйкес азаматтар заңда белгіленген көлемде тегін медициналық көмек алу құқығын сақтайды, сондай-ақ ақылы медициналық қызметтер заңнамада көзделген тәртіппен көрсетіледі. Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көздерін кеңейту қарастырылған.

Адамға бағытталған қағидаттың конституциялық бекітілуі мемлекеттің азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік қызметтер сапасының кепілі ретіндегі рөлін күшейтеді. Бұл мемлекеттік басқарудың жетілген моделіне көшуді білдіреді, онда басымдық жеке тұлғалардың нақты қажеттіліктеріне, олардың қауіпсіздігіне, өмір сүру сапасына және денсаулық сақтау нәтижелеріне беріледі. Бұл тәсіл денсаулық сақтау үшін өте маңызды: қазір жеке тұлғалар мен олардың денсаулығы жүйенің басты назарында, ал басымдық ведомстволық процестер мен формальды көрсеткіштерге емес, пациенттердің қауіпсіздігі, күтім сапасы және нақты клиникалық нәтижелерге бағытталады.

Халықаралық тәжірибе мұндай модельдер медициналық көмектің сапасын, пациенттердің қанағаттанушылығын және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын бір уақытта жақсарта алатынын көрсетеді.

Берікбол Байхожаев

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің

Қызылорда облысындағы өкілі