Әдеп кеңесі әділдікті үндейді

298

0

Кемшілікті түзеп, олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік беретін  Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері жылды қорытындылады.

ҚР Мемлекеттік қызмет іс­тері агенттігінің облыс бо­йынша департаменті бас­шы­сы, Әдеп жөнін­дегі кеңес төрағасы Нұрман Талқанбаевтың төр­аға­лы­ғымен өткен отырыста бірнеше мәселе қаралды. Бірінші кезекте БАҚ-та және әлеуметтік желілерде тұрақ­ты жүргізілетін мониторинг жұмыстары ортаға салынды. Мәселен, осындай бақылау барысында «Фейсбук» же­лісінің пайдаланушысы жеке парақшасында Шиелі ауданы әкімінің орынбасарына қатысты сыни бағыттағы жарияланым қалдырып, видеожазба орналастырғаны анықталған. Кеңес мүшелері тәртіптік істі жан-жақты талқылап, аудан әкімінің орынбасарына әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Мұнан соң жеке және заң­­ды тұлғаларды жергілікті жер­лерде қабылдау кестесі бекітілді. Мәліметке сүйен­сек, биыл өткізілген қабыл­дауларға 300-ден астам тұрғын жүгініп, қажетті кеңеске қол жеткізген.  Оның 244-і аудандарда өткізілген көшпелі қабылдауларда болған. Бұл ретте Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының мең­герушісі Берікбол Байхожаев шара алдағы уақытта да жалғасатынын хабарлады. 2020 жылға жоспарда мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмыс нәтижесі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындысына және өзге де мәселелерге қатысты 20-дан астам отырыс өткізілетінін айтты. Мұнан өзге атқарылған істерге де тоқталып өтті.

– Мемлекеттік қызмет жауапсыздықты көтермейді. Бұл мәселе қатаң бақылауда. Биыл тәртіптік істерді қарау нәтижелерімен Әдеп жөніндегі кеңес 19 мем­лекеттік қызметшіге әртүрлі тәртіптік жаза қолдануға шешім шығарды. Оның ішінде Әдеп кодексі талаптарын сақтамауға, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол беруге және қызметіне толық сәйкес емес болуына қатысты ескертулер берілді. Осындай шаралардан кейін әрбір мемлекеттік қызметші заңнан айналып өтпесе, табалдырықты әдеппен аттамай, төрге озу жоқтығын ұмытпаса дейміз, – деді Берікбол Байхожаев.

Шара соңында кеңес мүше­лері мемлекеттік қыз­метшінің аса жауапты болу керектігін және оның мәртебесін арттыруда келелі мәселе екенін тағы бір пысықтай түсті.

Мөлдір Қалымбет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<