Депутат Қазақстанда Roblox платформасын тексеруді сұрады

10

0

Фото: Mehaniq / DepositPhotos

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Үнзила Шапақ Roblox онлайн-платформасын шектеуге қатысты ұсыныс айтты.

— Қазіргі таңда интернет пен онлайн ойын платформалары балалар мен жасөспірімдердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Солардың бірі — Roblox онлайн-платформасы. Қазір «Roblox» сөзін білмейтін бала жоқ. Бұл пайдаланушыларға өз ойындарын құруға, виртуалды әлемдерде қарым-қатынас жасауға және басқа ойыншылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін халықаралық платформа. 2025 жылғы ашық дереккөздерге сәйкес, Roblox платформасына кіретін күнделікті белсенді қолданушылар саны 150 миллионға жуық. Пайдаланушылардың басым бөлігін кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер. Ата-аналар, педагогтер және халықаралық сарапшылар тарапынан Roblox ойынының балалар психикасына кері әсер етуі мүмкін екендігі туралы жиі көтеріліп жатыр. Атап айтқанда, виртуалды тәуелділік, агрессивті мінез-құлық, шынайы өмірден алшақтау, сондай-ақ жас ерекшелігіне сай келмейтін контентпен бетпе-бет келу фактілері кездеседі, — деді Ү. Шапақ Жасанды интеллект министрлігіне жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, Roblox сияқты ашық онлайн-платформаларда кәмелетке толмаған балаларға қатысты қылмыстық ниеті бар адамдардың, соның ішінде педофилдер мен алаяқтардың белсенді әрекет ететіні туралы деректер бар. Алдымен ойындағы виртуалды чат арқылы баланың сеніміне кіріп, кейіннен Roblox-тан Телеграмға көшіп, құпия кездесуге шақырады және аяғы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін.

— Ал алаяқтар дәл осылай баланың сеніміне кіріп, оған сыйлық беруге уәде беріп, ата-анасының картасының номерін және СМС-кодты сұрайды. Бала сеніп айтқандарын орындайды, нәтижесінде картадан ақша шешіліп алынады. Әрине, компания «балаларға ең қауіпсіз орта жасаймыз» деп жар салудан жалығар емес. Бірақ секундына 50 мыңнан астам хабар ағылып жатқан ортаны толық бақылау мүмкін емес. Roblox платформасының балалар қауіпсіздігіне, психологиялық дамуына және контенттің бақылаусыздығына байланысты бірқатар мемлекеттер қатаң шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Түркия, Катар, Ресей, Қытай, Иран, Солтүстік Корея және басқа да мемлекеттерде аталған платформа бұғатталды… Өзге елдерде Roblox платформасын бұғаттау тәжірибесін ескере отырып, Қазақстанда бұл платформаның қызметін шектеу немесе қосымша бақылау тетіктерін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр ма? , — деп сұрады депутат.

Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Қазақстанда Roblox онлайн ойындар платформасын бұғаттау жоспарда жоқ екенін айтты.