Депутат: Жаңа Конституция жобасы мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтады

8

0

Фото: видеодан скрин

Жаңа Конституция жобасына енген сот шешімінсіз тұрғын үйден айырмау туралы норма азаматтар құқығын қорғайды. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов «Референдум-2026» онлайн марафоны барысында мәлімдеді.

— Тұрғын үй — әр адамның қасиетті мекені. Ешкімнің қауіпсіз өмір сүру құқығына қол сұғуға жол жоқ. Ал тұрғын үйден сот шешімінсіз шығармау мәселесі конституциялық деңгейде көтерілгені — азаматтар мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтады. Әсіресе, бұл қарттарға, мүгедектерге, аз қамтылған отбасыларға өмірлік кепілдік болады, — деді депутат.

Сондай-ақ, ол нақты мысалдар келтірді. Мәселен, ескі үйлерді сүру үшін жергілікті атқарушы органдар олардың иелеріне өтемақы ұсынады. Бірақ оған келіспей, үйін сүргізгісі келмейтін азаматтар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жаңа Конституция жобасына сай, азаматтың, яғни, үй иесінің құқығы ескеріледі.

— Екінші мысал, мемлекеттік мұқтаждық үшін. Бас жоспар өзгереді, не болмаса, жол салу керек болады. Мысалы, Астанада саяжайлар сүріліп жатыр. Ол жерде мәселелер бар. Кей құрылысшылар рұқсат алмай, соттың шешімін алмай, үйлерді қоршап тастап, ешкімді шығармай, жұмысқа кірісіп кетеді. Жаңа Конституция жобасы мұндай кезде де азаматтардың құқығын қорғайды, — деп түсіндірді М. Жайымбетов.