«Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауына қатысатын қазақстандық үміткерлерді іріктейтін әділ қазы алқасы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы дүбірлі доданы Қазақстан аумағында трансляциялайтын «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Алан Әжібаев мәлімдеді.
«Қазақстандағы Junior Eurovision байқауының әділ қазылары құрамында танымал кәсіби әншілер мен продюсерлер Роза Рымбаева, Мейрамбек Беспаев, Тамара Асар, Бағым Мұхитденова, Ерке Есмахан, Қайрат Нұртас, Ренат Гайсин, Ләйлә Сұлтанқызы, Мәдина Сәдуақасова және Димаш Құдайберген бар. Олар қатысушылардың өтінімін қарап, финалистерді анықтайды. Финалистер 22 қыркүйек күні Алматы қаласындағы гала-концертте өнер көрсетеді», – деп жазды Алан Әжібаев әлеуметтік желіде. Айта кетейік, «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауы 9 жастан бастап 14 жасқа дейінгі орындаушылар қатысатын «Евровидениенің» аналогы. 15 жылдық тарихы бар байқауға еліміз алғаш рет қатысқалы отыр. Дүбірлі доданы Қазақстан аумағында «Хабар» телеарнасы трансляциялайды.
«Хабар» Агенттігі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап іс-шараны ұйымдастыратын Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі болып табылады, бұл мүшелік аталған байқауға қатысу үшін елден үміткер ұсынуға мүмкіндік берді. 2018 жылғы 1 тамыздан бастап «Хабар» агенттігі «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауына қатысу үшін үміткерлердің республикалық іріктеуін бастады. Республикалық іріктеудің жеңімпазын 2018 жылы 25 қарашада Минскте өтетін финалға дайындық күтеді. Қатысушыны Минсктегі байқауға дайындаумен «Хабар» Агенттігі айналысады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<